Бүгін «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-ы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны және «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» КеАҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Бұл меморандумдар еліміздің денсаулық сақтау саласындағы кадрлық және ғылыми әлеуетті арттыруға, заманауи білім беру жүйесі мен ғылыми зерттеулерді бірлесе жүргізуге бағытталып отыр. Құжаттарға қол қою арқылы тараптар ғылыми-зерттеу саласында және кәсіптік оқыту бағытында өзара тиімді серіктестік орнатуға ниет білдірді.
Ынтымақтастық аясында Ұлттық сараптама орталығының мамандары мен "ОҚМА" АҚ-ның білім алушылары, оқытушылары үшін арнайы қосымша кәсіптік оқыту бағдарламалары жасалып, жүзеге асырылады. Бұл бағдарламалар зертханалық диагностика, қоғамдық денсаулық сақтау, еңбек гигиенасы және аурулардың алдын алу салаларындағы заманауи тәсілдер мен тәжірибелерді қамтиды.
Тараптар алдағы уақытта бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл зерттеулер денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелерін шешуге, жаңа әдістер мен технологияларды тәжірибеге ендіруге бағытталмақ. Сондай-ақ, ғылыми конференциялар, семинарлар, шеберлік сыныптары, «дөңгелек үстелдер» өткізу көзделген. Бұл өз кезегінде білім алушыларға ғана емес, тәжірибелі практик мамандарға да пайдалы болмақ.
Ұлттық сараптама орталығы, Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы мен «ОҚМА» АҚ арасында түзілген меморандум еліміздегі медициналық білім беру мен ғылымның сапасын арттырып, заманауи денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға елеулі үлес қоспақ.