Қазіргі таңда білім беру жүйесіне қойылатын талаптар күн санап артып келеді. Әсіресе, педагог мамандардан тек кәсіби біліктілік қана емес, сонымен қатар этикалық ұстанымдар мен моральдық жауапкершілік жоғары деңгейде талап етіледі. Осыған орай бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Педагогикалық қызметтің ұйымдастыруымен «Педагогикалық этика: жаңа заман талаптары» атты тақырыпта ауқымды семинар өткізілуде.
Семинарға академиядағы барлық факультет оқытушылары мен колледж оқытушылары қатысты. Басқосу барысында қазіргі заман педагогының келбеті, этикалық нормалар мен киім үлгісі, корпоративтік этика, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие мәселелері кеңінен сөз болды.
Жиынды оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім ашып беріп, педагогикалық этиканың – оқытушы мен студент арасындағы сенім мен өзара құрметтің негізі екенін ерекше атап өтті. Проректор Ербол Қалтұрсынұлының айтуынша, педагог әрдайым әділ, бейтарап, сыйластыққа негізделген қарым-қатынас үлгісін көрсете білуі тиіс. Әсіресе, бүгінгі қоғамда өзекті болып отырған гендерлік, діни тақырыптарға бейтарап көзқарас ұстай білу педагогтың мәдениетін көрсетеді.
Семинарда сөз болған маңызды тақырыптардың бірі – педагогтың сырт келбеті мен киім үлгісі болды. Проректор Ербол Қалтұрсынұлы оқу орнындағы кәсіби киім кию мәдениетіне тоқтала келе, оқытушының киімі оның кәсіби беделі мен құрметін айқындайтынын айтты. Арнайы дресс-код сақтау, талғаммен киіну – студенттердің де мәдени тәрбиесіне әсер ететін маңызды құрал екенін тілге тиек етті. Ұлттық тәрбиенің негізіне айналған Абай Құнанбайұлының "Толық адам" іліміне де назар аударды.
Семинарда Психологиялық қызметтің меңгерушісі Бақытгүл Қалмағамбетова баяндама жасап, корпоративтік этика мәселесіне ерекше мән берді. Академия ұжымы ішіндегі қарым-қатынас, әріптестерге деген сыйластық, бір-бірін қолдау мен түсіністік таныту – оқу процесінің тиімділігін арттыратын негізгі факторлардың бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, Бақытгүл Қалмағамбетова Психологиялық қызмет мамандарының алдын ала дайындалған фильмін 🎞️ 🎥көпшілік назарына ұсыну арқылы өз сөзін нықтай түсті.