Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында педагогикалық қызметтің ұйымдастыруымен «Педагогикалық этика: жаңа заман талаптары» атты тақырыпта жиын өтті. Бұл білім мен тәрбие саласындағы өзекті мәселелерді талқылаған мазмұнды әрі мағыналы басқосу болды.
Жиында оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім халықаралық тәжірибелерді мысал ете отырып, қазіргі педагогикалық ортада жиі кездесетін түйткілдерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, зумер ұрпағының ақпараттық технологиялармен етене өскені ұстаз бен студент арасындағы дәстүрлі қарым-қатынасқа жаңа өлшем енгізіп отыр.
— АҚШ-тағы ең көне білім ордасы — Гарвард университетінде соңғы жылдары зумерлердің белсенділігі салдарынан оқытушыларға бойкот жариялау, оларды әлеуметтік желілерде оқшаулау сияқты келеңсіз үрдістер белең алуда. Осындай құбылыстар еліміздегі кейбір ЖОО-ларда да байқалып отыр. Жақында қоғамда үлкен дау тудырған «Magnum» оқиғасы да осы жаңа буынның көзқарасы мен мінез-құлқынан туындаған жағдай, – деді Ербол Қалтұрсынұлы.
Ербол Қалтұрсынұлы мұндай жағдайлардың алдын алу үшін оқу орындарында корпоративтік мәдениетті қалыптастырып, жүйелі түрде дамыту қажеттігін баса айтты. Бұл ретте, академиядағы психологиялық қызметтің атқарып отырған рөлі ерекше.
Семинарда оқытушылардың кәсіби этикасы, сыртқы келбеті мен киім үлгісі, ұжым ішіндегі өзара сыйластық пен корпоративтік этика, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру мәселелері кеңінен қозғалды. Әсіресе, психологиялық қызмет меңгерушісі Бақытгүл Қалмағамбетованың баяндамасы тыңдарманға терең ой салды. Ол оқу орындарында моральдық-этикалық нормалардың сақталуы ұрпақ тәрбиесінде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
— Уақыт өзгергенімен, ұстаз болмысы, оның адамгершілік келбеті мен кәсіби әдебі қоғамдағы ең биік ұғымдардың бірі болып қала бермек. Бүгінгі оқытушы тек білім беруші ғана емес, рухани жетекші, тұлға қалыптастырушы болуы тиіс, – деді ол.
Семинардың мазмұны мен көтерілген мәселелердің тереңдігі оның тек ғылыми-теориялық емес, нақты практикалық маңызға ие екенін көрсетті. Мұндай жиындар педагог қауымының кәсіби тұрғыдан өсуіне серпін беріп, ұстаз мәртебесін қоғамда жаңа сапалық деңгейге көтеруге жол ашары сөзсіз.