
2026 жылдың 23 сәуірінде «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының ұжымы және фармация факультетінің В-ФӨТҚАБ-02,03-24 тәлімгерлік топ білім алушыларымен бірлесе отырып, «Қамқорлық пен мейірімділік – әр адамның қоғамдық парызы» тақырып аясында қайырымдылық іс-шарасын өткізді.
Іс-шара аясында «Ізгілікке жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорының өкілдерімен және волонтер мектебінің жетекшісі Жаңыл Рсымбетпен бірлесе отырып, асыраушысынан айрылған 4 бала тәрбиелеп отырған – Әйгерім есімді азаматшаның отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Отбасының қажеттіліктері ескеріліп, анасының сұранысына сәйкес тұрмыстық және азық-түлік көмегі ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – студенттердің бойында адамгершілік, жанашырлық, мейірімділік, жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыру, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті сезіндіру және қайырымдылық мәдениетін дәріптеу болды. Іс-шара барысында студенттер белсенділік танытып, мұқтаж жандарға қолдау көрсету – әр азаматтың парызы екенін түсінді. Мұндай тәрбиелік мәні зор шаралар жастардың рухани дамуына оң әсерін тигізеді.
Қорытындылай келе, аталған қайырымдылық акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мақсатына жетті. Алдағы уақытта да осындай ізгі бастамаларды жалғастыру жоспарлануда.
