
Қазақ халқының тарихында ойып тұрып орын алатын ұлттың ардақтысы қазақ көсемсөзінің іргетасын қалаушы, Алаш үкіметінің құрылуына үлес қосқан ұлтжанды қайраткер Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына орай 20 қараша күні қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының оқытушылары ақынның өмірі мен шығармалары жайында әдеби кеш өткізді.
Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ-
Мен неге,қазақтықтан сақтанамын?! деп қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, күресіп өткен Алаш ардақтысына 140 жыл толып отыр.
Әдеби кештің алғашқы сөз кезегі академияның тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлына берілді. Міржақыптың әрбір нақыл сөздерінен өз ұлтына деген шексіз ыстық сезім мен жан қиярлық махаббатын сезінеміз. Ол қазақ жерін сақтау, ұлт мүддесін қорғау, білімді дамыту мәселелерін шешу жолында алғашқы саяси қадамдарын жасады. Ал «Оян қазақ» жинағы сол дәуірдің үнін жеткізген, патша өкіметінің озбырлығын әшкерелейтін шығармаларының бірі. Қатысушылар ақынның өлеңдерін оқып, өмірі мен шығармашылығы жайында баяндамалар жасады.