Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Қоғам қайраткері Оразгүл Асанғ...
2 қазан 2025
9
0
0

Қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызымен «Санамен серпіл» тақырыбында тағылымды кездесу өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының конференц залында қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Оразгүл Асанғазықызымен рухани кездесу өтті.

Оразгүл Асанғазықызы білім алушыларға «Санамен серпіл» ұранымен жас ұрпақтың өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, отбасылық қатынастарды нығайту, сондай-ақ моральдік-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге сұхбат түрінде кафедрааралық бірлескен ашық тәрбие сағатының қадірлі қонағы болды.

Оразгүл Асанғазықызы бүгінгі ұрпаққа тәрбиелі, саналы, ой-өрісі кең, ұлттық рухы мықты азамат болудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Ол жастарды ата-бабаларымыздан жеткен әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, болашақта берік әрі бақытты отбасы құруға шақырды. Сонымен қатар, ананың отбасындағы орны мен рөлін кеңінен баяндады.

Тәрбие сағат барысында ана тілімізге деген құрмет пен оның ұлттық сананы қалыптастырудағы рөлі де сөз болды. Бұл тақырып білім алушылардың терең ойлануына және өз ұлтының мәдениеті мен тілін құрметтеуге деген ынтасын арттыруға себеп болды.

Іс-шараға, сонымен қатар, «Арыс» ЖШС-нің фармация саласындағы құрылтайшысы, «ТАЙМА-Т» медициналық орталығының негізін қалаушы Тұйғынбек Мәуленұлы мен академияның тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Қалтұрсынұлы сөз алып, еліміздің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Оразгүл Асанғазықызына ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, мұндай рухани кездесулердің жастардың ұлттық санасын қалыптастыруда маңызы зор екенін ерекше атап өтті.

 Кездесуде сөз алған профессор-оқытушылар құрамы мұндай тағылымды іс-шаралардың қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге, ұлттық тәрбиені нығайтуға және жастарды болашаққа сеніммен қарайтын патриот азамат ретінде тәрбиелеуге септігін тигізетінін жеткізді.

Бірлескен кафедрааралық тәрбие сағаты «Дәрілер технологиясы және фармакогнозия» кафедра меңгерушісі Ж.С. Токсанбаева және «Фармация ісін басқару және ұйымдастыру» кафедра меңгерушісі Ж.К.Шимирова жетекшілігімен ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті.

Пікірлер орны (0)