
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында құқықбұзушылық әрекеттерді болдырмау және олардың қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігін арттыру мақсатында кездесу өтті.
Іс-шараны аталмыш оқу орны мен Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма жанындағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі бірлесіп ұйымдастырды. Кездесуге Әл-Фараби аудандық прокуратураның прокуроры Асқар Алимбеков пен Шымкент қалалық полиция департаментіне қарасты Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының полиция капитаны, ҚҚБ ЮПТУПИ инспекторы Ақерке Раимбекова арнайы қатысты.
Спикерлер жастарға қоғамдық орындарда тәртіп сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, кәмелетке толмағандар мен жастар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлеріне тоқталды. Сонымен қатар интернет кеңістігінде қауіпсіздік сақтау мәселесіне де ерекше назар аударды.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты жауаптар алды. Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық әрі түсіндіру бағытындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.