Бүгін ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев аймақтағы медицина саласының тыныс-тіршілігімен танысу барысында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында халықпен кездесу өткізді. Азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне қатысты мәселелерін тыңдап, жауап берді.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін тікелей министрлік өкіліне жеткізуге мүмкіндік алды. Көтерілген сұрақтардың басым бөлігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтің сапасы сынды өзекті тақырыптарды қамтыды.
Тимур Сұлтанғазиев тұрғындардың әрбір сауалына жеке-жеке тоқталып, кейбір мәселелерді сол жерде жауапты органдарға бағыттап, нақты шешім қабылдауға тапсырма берді. Ол мемлекеттік бағдарламалар аясында денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында қолға алынған реформалар жайында кеңінен әңгімеледі.
Кездесуден кейін вице-министр азаматтарды жеке қабылдады. Онда әр азаматтың мәселесі жеке қаралып, нақты іс-шаралар жоспары әзірленді. Сапар барысында Тимур Сұлтанғазиев Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының базасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Брифингте вице-министр денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттар туралы баяндады.