
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) делегациясы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерін дамыту перспективаларына арналған кездесу өтіп, фармацевтика саласындағы ғылым, білім, медицина, өндіріс, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты төрағасының экономикалық саясат жөніндегі орынбасары Жанар Мұратқызы Габдуллина, ҚСЗИ Жаһандық экономика және орнықты даму бөлімінің басшысы Бибігүл Серікқызы Өмірбаева, ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Алексеевна Альшанская, сондай-ақ «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ дирекциясының басшысы Жанна Серікқызы Байтемирова болды. Жиынға фармацевтика саласының, мемлекеттік органдардың, ғылым, білім, медицина және бизнес өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры Аслан Қинаятұлы Қинаятов, Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Полатұлы Тұрманов, сондай-ақ Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Кездесуге онлайн форматта С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Марат Едігеұлы Шоранов және Қазақ тағамтану академиясының президенті Алмас Төрегелдіұлы Шарманов қатысты. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Серікжанқызы Сейтжанова қатысушыларды қарсы алып, кездесуге қатысып, бірлескен бастамаларды қолдағаны және Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерін одан әрі дамытуға қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ректор отандық фармацевтика саласын дамытуда ғылым, білім, медицина, өндіріс, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластері ғылым, білім, медицина, өндіріс және бизнесті бір арнаға тоғыстыратын маңызды алаң ретінде дамып келеді. Кластердің негізгі міндеттерінің бірі – қатысушылардың әлеуетін біріктіру, ғылыми әзірлемелер мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, отандық фармацевтикалық өнімдерді дамыту және оларды практикалық қолданысқа енгізуге жағдай жасау. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы кластердің ғылыми-білім беру бағытын дамытуда маңызды рөл атқарады. Академияның ғылыми әлеуеті, білікті мамандары мен зерттеу инфрақұрылымы фармацевтика саласындағы ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, жаңа фармацевтикалық өнімдерді әзірлеуге, кадрлар даярлауға және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге мүмкіндік береді. Кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерінің қазіргі қызметі мен даму перспективалары, кластер қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, ОҚМА-ның ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі рөлі, сондай-ақ ғылым, білім, медицина, өндіріс және бизнестің ықпалдастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар отандық фармацевтикалық өндірістің әлеуетін арттыру, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, ғылыми және өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру, кадрлық әлеуетті күшейту және кластер аясында бірлескен ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асырудың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасты. Жиын қорытындысында қатысушылар Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерін одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру ұйымдарының, медициналық мекемелердің, фармацевтикалық кәсіпорындар мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Кездесуден кейін делегация мүшелері Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластерінің құрамындағы бірқатар жетекші өндірістік және клиникалық ұйымдарға барып, олардың қызметімен, өндірістік және клиникалық мүмкіндіктерімен танысты.