Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Ректор жыл қорытындысы бойынша...
19 желтоқсан 2025
1
0
0

Ректор жыл қорытындысы бойынша есеп берді


Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Сейтжанова 2025 жылдың қорытындысы бойынша есеп берді. Есеп барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалған негізгі басымдықтар атап өтілді. Соның ішінде бүгінде академияда әділдік, даму, технологиялық прогресс және адам капиталына инвестиция бағыттары жүйелі түрде іске асырып келеді.
«Біз заманауи технологияларды білім беру үдерісіне белсенді енгізіп, ғылыми базаны нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп келеміз. Ең бастысы – ел мен өңірдің нақты мәселелерін шеше алатын, құзыретті әрі отансүйгіш жаңа қазақстандық маманды қалыптастырып жатырмыз», – деді ректор.
2025 жылы ОҚМА халықаралық деңгейдегі орнын нығайта түсті. «Медицина», «Педиатрия», «Стоматология» бакалавриаттары және «Фармация» магистратурасы бойынша НААР рейтингісінде 1-орынға ие болды. Бүгінде алыс және жақын шетелдердегі университеттермен 50-ден астам меморандум мен стратегиялық әріптестік келісімдер жасалған.
Ғылым саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Академияда 38 ғылыми-техникалық жоба жүзеге асырылуда. 2018–2025 жылдар аралығында ғылыми-зерттеу қызметі тұрақты дамып, 645 ғылыми жарияланым мен 120 монография, оқу құралы жарық көрді. Сонымен қатар, 220 патент пен авторлық куәлік алынды.
Академия бүгінде «Journal of Medicine and Health Research of Kazakhstan» және «Central Asian Journal of Medical Hypotheses and Ethics» халықаралық ғылыми журналдарының құрылтайшысы.
Қазіргі таңда оқу орнында 7 632 білім алушы бар. Оқу орнында білім беру бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай тұрақты түрде жаңартылып отырады. 2024–2025 оқу жылында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, кәсіби құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған жаңартылған және инновациялық бағдарламалар енгізілді.
Академияның маңызды жетістіктерінің бірі ретінде халықаралық бірлескен білім беру бағдарламаларының іске қосылуын айтуға болады. Қазір Санкт-Петербург мемлекеттік химия-фармацевтикалық университетімен, Ташкент стоматологиялық институтымен және М.Е. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медицина университетімен қос дипломды бағдарламалар табысты жүзеге асырылуда.
Шетелдік студенттер саны да тұрақты өсуде. Оқу орнында 2021–2022 оқу жылында 1232 студент болса, 2024–2025 оқу жылында олардың саны 1401-ге жетті. Білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында академия институционалдық және мамандандырылған аккредитациялардан сәтті өтті.
– Академия жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі – түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша түлектердің 99,3%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі үшін фармацевтикалық, медициналық және білім беру ұйымдарымен 250-ден астам келісімшарт жасалған. Сонымен қатар, бізде академиялық ұтқырлыққа ерекше көңіл бөлінуде. Есептік жылы 211 студент Қазақстан және жақын шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алмасу бағдарламаларына қатысты, -- деді ректор.
Бұдан бөлек, өзге жоғары оқу орындарының 11-ге жуық ғалымы бірлескен ғылыми және педагогикалық қызметке тартылып, академиядағы білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға үлес қосты. Тәрбиелік жұмыс аясында академия жеті негізгі бағыт бойынша жүйелі түрде әрекет етеді. Есептік кезеңде әлеуметтік мәні бар, мәдени, білім беру және спорттық іс-шаралардың кең ауқымын қамтитын 300 жуық шара өткізілді.
Баяндама соңында ректор академияның профессор-оқытушылар құрамына, қызметкерлеріне, білім алушылары мен мен түлектеріне атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да академияның дамуына бірге үлес қоса отырып, жаңа белестерді бағындыра берулеріне сенім білдірді.

Пікірлер орны (0)