
2026 жылғы 23 қазанда Шымкент қаласында ШЖҚ «№2 қалалық ауруханасы» мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Микробиология, аллергология және иммунология кафедрасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Респираторлық интенсив: ӨСОА (өкпенің созылмалы обструктивті ауруы) мен бронх демікпесіне басымдық» атты ғылыми-практикалық іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – респираторлық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылау, медицина мамандарының кәсіби білімін жетілдіру және клиникалық тәжірибе алмасу.
Ғылыми бағдарлама аясында бронх демікпесінің жеңіл түрінен ауыр түріне дейінгі заманауи емдеу тәсілдері, ауруды бақылау, ауыр бронх демікпесін емдеудің клиникалық тәжірибесі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруын (ӨСОА) емдеудің заманауи мүмкіндіктері, сондай-ақ үштік терапияны қолданудың клиникалық аспектілері қарастырылды.
Іс-шараға пульмонологтар, аллергологтар, жалпы практика дәрігерлері, сондай-ақ «Аллергология және иммунология» білім беру бағдарламасының 1 және 2-курс резиденттері қатысты. Қатысушылар респираторлық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудың өзекті мәселелерін талқылап, клиникалық тәжірибелерімен бөлісті.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Микробиология, аллергология және иммунология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейтханова Бибігүл Төлегенқызы іс-шараға спикер ретінде қатысып, «ӨСОА бойынша өзекті сұрақтар мен жауаптар» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында ӨСОА бар пациенттерді жүргізудің өзекті мәселелері, ауруды диагностикалау, емдеу және бақылаудың қазіргі клиникалық тәжірибедегі маңызды аспектілері талқыланды.
Аталған ғылыми-практикалық іс-шара медицина мамандарының кәсіби білімін жетілдіруге, клиникалық тәжірибе алмасуға, респираторлық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін тәжірибеге енгізуге, сондай-ақ медициналық ұйымдар мен медициналық білім беру мекемелері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.