
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға «ОҚМА» АҚ дара құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым академиясының академигі Сейтжанов Серікжан Сейтжанұлы қатысып, барша ұжым мен студенттерді ұлық мерекемен құттықтады.
– Құрметті әріптестер, қадірлі ұстаздар мен студенттер! Баршаңызды еліміздің ең басты мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1990 жылы қабылданған Егемендік туралы декларация еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының алғашқы тарихи қадамы болды. Бүгінде Президентіміздің басшылығымен еліміз биік белестерді бағындырып, әлемдік аренада өз жолын тапты. Осы жолда медицина саласының атқарып отырған еңбегі ерекше. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен ұлт саулығын нығайтуда аянбай еңбек етіп жүрген сіздердің үлестеріңіз зор.

Құрметті әріптестер! Республика күні мерекесінде сіздерге мықты денсаулық, жаңа жетістіктер және ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін. Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, мерейіміз үстем болсын! – деді Серікжан Сейтжанұлы.
Мерекелік іс-шарада халық денсаулығын сақтау ісіне қосқан зор үлесі мен мінсіз еңбегі үшін Сағындықова Баян Ахметқызы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар қызметкер ҚР Денсаулық сақтау министрі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хатын» иеленді.
Академиялық жұмыстар жөніндегі проректор Анартаева Мария Ұласбекқызы мен ғылыми және стратегиялық даму жөніндегі проректор Аукенов Нұрлан Ерденұлы ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен профессор атағына ие болды.
Жақында Өзбекстан Республикасында Қазақстанның медицинасы күндері аясында екі елдің медициналық жоғары оқу орындары арасында өткен Достық сайысында академия студенттері үздік нәтиже көрсетіп, оқу орнының абыройын асқақтатты. Осы жетістіктері үшін жеңімпаз студенттерге Серікжан Сейтжановтың Алғыс хаты табысталды.
Іс-шарада «ОҚМА»АҚ ректоры Жанна Сейтжанова да құттықтау сөз сөйлеп, барша ұжымға ізгі тілегін жеткізді:
– Бұл күн – еліміздің егемендік пен тәуелсіздікке ұмтылған асқақ рухының нышаны. 1990 жылы дәл осы күні қабылданған Егемендік туралы декларация – Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуындағы тарихи белес. Бүгінде еліміз бейбітшілік пен келісім орнаған, әлем мойындаған қуатты мемлекетке айналды.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы да осы даму жолына өз үлесін қосып келеді.
Баршаңызға мереке қарсаңында зор денсаулық, шығармашылық шабыт, жаңа табыстар тілеймін. Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді Жанна Серікжанқызы.
Кітапханашылар күніне орай «Өрлеу» ұйымы атынан академия кітапханасының басшысы Дарбичева Раушан Ысқаққызы «Үздік кітапханашы» төсбелгісімен марапатталды. Мерекелік жиында тағы да бірнеше қызметкерге алғыс хат табысталды.
Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі Нұржанбаева Жанат Оралбайқызы мазмұнды баяндама оқыды.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.