
2026 жылдың 20 мамырында Шұғыл медицина және мейіргер ісі кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған брейн-ринг іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында адалдық қағидаттарын насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болды. Іс-шараға арнайы қонақ ретінде Тұран ауданы полиция басқармасы тергеу тобының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Пердешов Мейіржан Қалубайұлы қатысып, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсері, құқықтық жауапкершілік және қазіргі таңдағы өзекті мәселелер жөнінде мазмұнды ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар қатысушыларға заң талаптарын сақтау, кәсіби әдеп пен адалдық қағидаттарын ұстанудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Іс-шара барысында кафедра меңгерушісі Сейдахметова Айзат Әшімханқызы сөз сөйлеп, жастар мен мамандар арасында парасаттылық құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде білім мен тәрбие қатар жүрген жерде ғана әділетті қоғам қалыптасатынын атап өтті.
Брейн-ринг барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы сұрақтарға жауап беріп, құқықтық білімдерін ортаға салды. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасында белсенді пікір алмасу мен командалық ынтымақтастықты нығайтты. Осындай тағылымы мол кездесулер қоғамда адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға, сондай-ақ жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға үлкен үлес қосады. Шұғыл медицина және мейіргер ісі кафедрасының ұжымы іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Тұран ауданы полиция басқармасының басшылығы мен қызметкерлеріне алғыс білдіреді.