
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына Шымкент қалалық жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Оспан Ақбота Бихожақызы арнайы келіп, оқу орнында білім алып жатқан шетелдік студенттердің тұрмыс жағдайымен танысты. Сапар барысында Ақбота Бихожақызы академияның шетелдік студенттерге арналған жатақханасын аралап, ондағы тұрмыстық жағдайды, қауіпсіздік жүйесін және студенттерге жасалған мүмкіндіктерді көрді.
Сонымен қатар, кездесуде оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы шетелдік студенттердің саны, олардың әлеуметтік жағдайы, бейімделу процесі және оқу орнында ұйымдастырылатын тәрбиелік іс-шаралар туралы ақпарат берді.
Жатақхана ғимараты студенттердің жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдайлармен қамтылған. Бөлмелер заманауи талаптарға сай жабдықталған, демалыс және оқу бөлмелері, ас әзірлеуге арналған арнайы орындар қарастырылған. Сонымен қатар, студенттердің қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі мен тәулік бойы қызмет ететін күзет қарастырылған.
Ақбота Бихожақызы шетелдік жастардың әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделуі маңызды екенін алға тартып, алдағы уақытта оларды қаланың қоғамдық және мәдени өміріне белсенді тарту бағытында бірлескен жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.