
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Некеге мәжбүрлеу және сталкинг: құқықтық сауаттылық және психологиялық көзқарас» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды.
Оған Шымкент қалалық полиция департаменті Әл-Фараби ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Атап айтқанда, ҚҚБ ЮПТ аға УПИ полиция капитаны А. Әмірхан, полиция майоры С. Байсейітов, ҚҚБ ЮПТ УПИ полиция капитандары Ж. Шахалақ пен А. Сәпи студенттерге құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Құқық қорғау органдарының өкілдері некеге мәжбүрлеудің заңсыз әрекет екендігін, мұндай жағдайда азаматтардың қандай құқықтары бар екенін және қайда жүгінуге болатынын нақты мысалдар арқылы баяндады.

Кездесу барысында «сталкинг» ұғымына кеңінен тоқталып, оның түрлері мен белгілері түсіндірілді. Сталкинг – бір адамды үнемі қудалау, аңду, қорқыту немесе мазасын алу арқылы психологиялық қысым көрсету. Мамандар мұндай әрекеттердің тек офлайн емес, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы да жүзеге асуы мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ, буллинг (қорқыту, әлімжеттік көрсету) мәселесі қозғалып, оның жасөспірімдер мен жастардың психологиялық денсаулығына тигізетін кері әсері айтылды.
Қазіргі уақытта кең таралған қауіптердің бірі «дропперлік» қылмыс екені де түсіндірілді. Студенттерге өз жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді қаржылық ұсыныстарға сенбеу керектігі ескертілді.
Іс-шара барысында қатысушылармен психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Психологиялық тренингтің мақсаты студенттерге қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, өз шекарасын қорғай білу, «жоқ» деп айту дағдысын қалыптастыру және жәбірленушіге қолдау көрсету жолдарын үйрету болды.