Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Тәуелсіздік күніне орай ашық т...
17 желтоқсан 2025
1
0
0

Тәуелсіздік күніне орай ашық тәрбие сағаты

Тәуелсіздік – бұл жай ғана атаулы күн емес, бұл халқымыздың сан ғасырлық арманының ақиқатқа айналған сәті. Ол – бабалар қанымен, аналар көз жасымен келген қасиетті ұғым. Тәуелсіздік күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш пен жауапкершілікті қатар оятатын ұлы мерекесі.
Осы орайда 2025 жылдың 16 желтоқсан күні Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының “Педиатрия-1” кафедрасында ҚР Тәуелсіздік күніне орай ашық тәрбие сағаты өтті. Іс-шараны кафедра оқытушысы Балтабаева Ботакөз Серікқызы ұйымдастырып, өткізді.

Аталған тәрбие сағатына ВМ-МША 08-22 тобының білім алушылары қатысты. Бұл топтың ерекшелігі – құрамында шетелдік студенттердің көп болуы. Іс-шара шетел студенттерінің Қазақстан тарихына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мерекенің маңызын түсіндіруге бағытталды. Тәрбие сағаты барысында студенттер Тәуелсіз Қазақстанның даму жолы, тарихи оқиғалар мен ұлттық құндылықтар жайлы мәліметтермен танысты. Шетелдік студенттер өз ойларын білдіріп, қазақ халқының мәдениеті мен Тәуелсіздікке жету жолына құрметпен қарауға ниет білдірді.
Егемен елдің ертеңі – білімді, отансүйгіш жастардың қолында. Сондықтан тәуелсіздікті қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Тәуелсіздігіміз мәңгі, көк байрағымыз биікте желбірей берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Пікірлер орны (0)