
2026 жылғы 17 қазанда «Таза Қазақстан – ОҚМА жастарының таңдауы» атты экологиялық акция аясында сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер кафедрасының тәлімгерлері М. У. Турадилов пен А. Б. Турматова және «Медицина» білім беру бағдарламасының 1-курс білім алушылары қатысты.
Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, табиғи аумақтардың тазалығын сақтауға үлес қосу және жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке жұмылдыру.
Сенбілік барысында қатысушылар белгіленген аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қоқыстарды жинау және сұрыптау жұмыстарын жүргізді. Білім алушылар қоршаған ортаның тазалығы әр адамның жауапкершілігінен басталатынын іс жүзінде көрсетті. Бірлескен жұмыс жастардың еңбекқорлық, ұйымшылдық және өзара қолдау қасиеттерін нығайта түсті.
Аталған іс-шара өскелең ұрпақ арасында экологиялық сананы арттыруға, табиғатты аялау мәдениетін дәріптеуге және туған өлкенің тазалығын сақтауға бағытталды. Сенбілікке белсенді қатысқан ОҚМА жастары қоршаған ортаны қорғау мен таза қоғам қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Таза табиғат – жарқын болашақтың кепілі!