
2026 жылдың 19 мамырында Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы базасында Қырғызстан отбасылық дәрігерлерінің V съезі өтті. Форумның тақырыбы: «Тұрақты денсаулық сақтау жүйесінің негізі ретіндегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек: саясаттан тәжірибеге дейін». Съезд жұмысына ОҚМА ЖТД-2 кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., профессор Гүлжан Нұрбекқызы Досыбаева қатысып, пленарлық отырыста «Халықтың қартаюы жағдайындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті цифрландыру: жаңа сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, білім беру секциясында модератор болды. Конференция аясында қатысушылар оқу орнымен танысып, Индира Құдайбергеновамен кездесті. Сондай-ақ, отбасылық медицина кафедрасының профессоры Нұрлан Нұрғазыұлы Бримқұловпен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ауқымды кәсіби форумға Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Швейцария және АҚШ елдерінен отбасылық дәрігерлер, оқытушылар, сарапшылар мен денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері қатысты. Іс-шара гибридті форматта өтіп, офлайн және онлайн қатысушыларды біріктірді.
Съезд жыл сайын 19 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік отбасылық дәрігер күніне орай ұйымдастырылды. Биыл WONCA бұл күнді «Цифрлық әлемдегі қамқорлық» ұранымен өткізуде. Сондықтан форумның негізгі тақырыптарының бірі денсаулық сақтауды цифрландыру және медициналық тәжірибеге жасанды интеллектті енгізу мәселелері болды.
Қатысушылар цифрлық медицинаны дамыту қауіпсіздік, сенімділік және пациентке бағытталған қағидаттарға негізделуі тиіс екенін атап өтті. Пленарлық және секциялық отырыстар барысында пациенттерді жүргізудің заманауи тәсілдері, медициналық білім беруді дамыту, қоғамдық денсаулық сақтау, кадрлық саясат және отбасылық медицина қызметін ұйымдастырушылық дамыту мәселелері талқыланды. Аурулардың алдын алу және денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын ретінде отбасылық дәрігердің рөлін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.