Войти
Басты бет Академия жаңалықтары «Тұсау кесер – 2025»
10 қазан 2025
9
0
0

«Тұсау кесер – 2025»

Қаламыздағы Түркістан сарайында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 1-курс студенттеріне арналған «Тұсау кесер -- 2025» атты салтанатты іс-шарасы өтті.  Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл кеш биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кештің шымылдығы Шымкент қалалық мәдениет үйінің «Қазына» би ансамблінің әсем биімен түрілді.  Іс-шара барысында студенттік билеттер мен білім кілттерін табыстау үшін сахнаға алғашқылардың бірі болып ОҚМА-ның құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Серікжан Сейтжанов Сейтжанұлы көтеріліп, академия табалдырығын енді ғана аттаған студенттерге білім мен ғылым жолында жарқын жеңістер тіледі.  Оқу орнының ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызы құттықтау сөз сөйлеп, болашақ дәрігерлерге ізгі тілегін білдірді. Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ысқақов Қуаныш Ғалымжанұлы Шымкент қаласы әкімінің оқу грантын табыс етті. Салтанатты жиын барысында медицина ғылымдарының кандидаты Икрам Толеевтің жұбайы Шолпан Қаламбаева академияға 500 кітап сыйға тартты. Оны студенттік ректор Мерей Асқар қабылдап алды. Мұнан кейін болашақ дәрігер болу жауапкершілігін сезіне отырып, академия студенті Сарсенбай Бақдәулет Мұратұлы барлық жас әріптестері атынан «Дәрігерлік серт» қабылдап, бұл мамандықтың асқақ абыройын тағы бір мәрте айқындады. Жаңа өмірге қадам басқан студенттерге арналған кешті қалалық ауруханалардың бас дәрігерлері өздерінің жүрекжарды тілектерімен жалғастырып, болашақ әріптестеріне бағыт-бағдар көрсетті.  Кештің шарықтау шегінде сахна төріне шыққан эстрада жұлдызы Серік Гамза-заде көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, студенттермен бірге ән шырқап, кештің шырайын аша түсті. Одан кейін сахнаға жастардың сүйікті орындаушысы, Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы АЛЕМДІ зор қошеметпен қарсы алған көрермендер шексіз қуанышқа бөленді. Кештің әр сәті естен кетпес әсерге толы болды.

Пікірлер орны (0)