Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «Тусау кесер — 2026»
6 қазан 2026
1
0
0

«Тусау кесер — 2026»

Бүгін Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 1-курс студенттеріне арналған «Тұсау кесер — 2026»  іс-шарасы өтті.
Салтанатты жиынға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым академиясының академигі, профессор Сейтжанов Серікжан Сейтжанұлы қатысып, студенттерге білім мен ғылым жолында талмай ізденіп, биік белестерді бағындыруға тілектестігін білдірді. Оқу орнының ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызы да құттықтау сөз сөйлеп, болашақ дәрігерлерге кәсіби жетістіктер тіледі. Сонымен қатар, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, мемлекеттік білім грантын иеленген студенттерге студенттік билет пен білім кілтін табыстады.


Іс-шара барысында Шымкент қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Әбдәкімов Әкімжан Анарбайұлы қала әкімдігі тарапынан жастарды қолдау мақсатында 10 білім гранты бөлінгенін айтты.
Салтанатты кештің маңызды сәттерінің бірі болашақ дәрігерлердің «Дәрігерлік серт» қабылдауы болды. Академия студенті Мұхамеджан Тағайбек барша жас әріптестері атынан серт қабылдап, медицина мамандығының үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.
Кештің концерттік бағдарламасы да көрермен көңілінен шықты. Сахнада «MUZMEN» тобы мен «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншісі Фариза Беймаханбет өнер көрсетті. Ал, Қазақстан эстрадасының танымал жұлдызы, жастардың сүйікті әншісі Дастан Оразбеков студенттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, зор қошеметке бөленді.


«Тұсау кесер — 2026» кеші академияның жаңа буын студенттері үшін есте қаларлық мерекеге айналды.

Пікірлер орны (0)