
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен ұлттық киімді дәріптеуге арналған «Ұлттық киім – халық қазынасы» атты семинар өтті. Іс-шара барысында кафедраның доцент м.а., ф.ғ.к. Г.К. Темірбекова «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар аға оқытушылар А.С. Жакипова «Қазақ халқының ұлттық киімдері», А.Т. Абдуллабекова «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» атты баяндамаларын ұсынып, ұлттық киімнің – көненің көзі, ұрпаққа жеткен материалдық мәдениеттің асыл мұрасы екенін атап өтті. Қазақтың ұлттық киімі – ұлт тарихымен біте қайнасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан талғамын, көркемдікке, үйлесімге, сұлулыққа деген ұмтылысын айқын көрсететін құндылық. Ол әрбір қазақтың бойында ұлттық мақтаныш сезімін оятатыны сөзсіз.

Біздің мақсат – ұлттық киімді тек сән ретінде ұсыну емес, оны құрметтеп, мақтан ету, келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу. Өйткені ұлттық киім – ұлттың жаны, рухы және мәдени келбеті.