
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру мақсатында мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оқу орнындағы тәртіп пен академиялық адалдық қағидаттарын нығайту болды.
Кездесуге академияның комплаенс офицері Пернебаев Нұрғали Әлиханұлы, жастар саясаты бөлімінің басшысы Тасжанов Берік Рахманәліұлы, жастар саясаты бөлімінің эстетикалық және әлеуметтік жұмыстар бойынша маманы Жиенбек Дәуренбек Жәнібекұлы, сондай-ақ 1-курс студенттері қатысты. Іс-шара барысында Нұрғали Әлиханұлы студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары туралы кең көлемде түсіндірме жасады. Ол нақты мысалдар келтіре отырып, білім алушылардың қандай жағдайда оқудан шығарылуы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, студенттерге өз құқықтары мен міндеттерін білу қажеттігін атап өтті. Келесі сөз кезегін Берік Рахманәліұлы алып, академиядағы тәрбие жұмыстары мен жастар саясатының бағыттары туралы баяндады. Ол студенттерді академия өміріне белсенді түрде араласуға, түрлі ұйымдар мен клубтарға қатысуға шақырды. Сонымен бірге, академияда қазір 12 түрлі студенттік ұйымның жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл ұйымдар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және қоғамдық белсенділіктерін арттыруға мүмкіндік береді. Берік Рахманәліұлы академиялық адалдық ұғымының да маңыздылығына тоқталып, әр студенттің өз еңбегімен жетістікке жету қажеттігін ерекше атап өтті. Іс-шара барысында Жиенбек Дәуренбек Жәнібекұлы студенттерге арналған GPА платформасы жайлы толық ақпарат берді. Ол бұл платформаның студенттің қоғамдық жұмыстарға белсенділігін бағалаудағы рөлін түсіндіріп, іс-шараларға қатысқан мәліметтер мен ғылыми мақалаларды жүйеге қалай жүктеу керектігін көрсетті. Бұл жаңашыл жүйе студенттердің жетістіктерін электронды форматта тіркеп, олардың портфолиосын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мұнан кейін академияның студенттік ректоры Асқар Мерей Еламанқызы сөз алып, оқу орнындағы 12 студенттік ұйымның қызметі мен олардың атқаратын рөлі жайында кеңінен айтып берді. Ол ұйымдардың әрқайсысы жастардың дамуына, мәдени және спорттық іс-шаралардың ұйымдастырылуына үлес қосып келе жатқанын жеткізді. Кездесу қорытындысында қатысушылар өзара сұрақтар қойып, пікір алмасты. Іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, академиялық адалдықты сақтауға және қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласуға бағытталған маңызды басқосу ретінде жоғары деңгейде өтті.