
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында еліміздің жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты.
Жаңа Конституция жобасының мазмұнын талқылап, оның қоғамымыз бен еліміздің дамуына тигізер ықпалын кеңінен түсіндіру мақсатында өткен жиынды оқу орнының академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Анартаева Мария Ұласбекқызы жүргізіп отырды.
Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы жаңа Конституция жобасының еліміздің дамуына, әділ әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды тарихи құжат екенін атап өтті. Жаңа заң жобасын қолданыстағы Конституциямен салыстырып, енгізіліп отырған бірқатар өзгерістерге тоқталып, олардың маңызын түсіндірді.
Сондай-ақ, басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Сахов Сапарбек Мұсаханұлы, интернатура деканатының деканы, PhD, қауымдастырылған профессор Кемелбеков Қанатжан Сауханбекұлы және оқу орнының студенттік ректоры Асқар Мерей Еламанқызы сөз алып, жаңа Конституция жобасының болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет ететін маңызды қадам екенін атап өтті.

Жиын соңында Мария Ұласбекқызы қорытынды сөз сөйлеп, жаңа заң жобасында білім мен ғылымды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл өзгерістердің өз кезегінде жоғары оқу орындарының ел дамуына қосар үлесін одан әрі арттыра түсетінін жеткізді.