Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Жас ғалымдар мен студенттердің...
18 қазан 2025
7
0
0

Жас ғалымдар мен студенттердің III Халықаралық форумының қорытынды іс-шарасы өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жас ғалымдар мен студенттердің III Халықаралық форумының қорытынды іс-шарасы жоғары деңгейде өтті.
Қорытынды жиында «ОҚМА» АҚ ректоры Жанна Сейтжанова форумға қатысқан барлық жоғары оқу орындарының басшыларына ризашылығын білдіріп, арнайы Алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар, Жанна Серікжанқызы форумға қолдау көрсеткені үшін «Galamat Group» ЖШС-нің бас директоры Сейітжан Жүнісбекұлы Сыпабековке ерекше алғысын білдірді.
Форумға Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Германия, Польша және Ресей мемлекеттері мен еліміздегі медициналық бағытта білім беретін оқу орындарынан келген жас ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
Пленарлық отырыста С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Ұлттық биотехнология орталығы, Назарбаев университеті, Сеченов университеті (Ресей), Бухара, Самарқанд және Ташкент медицина университеттері (Өзбекстан), сондай-ақ Германия мен Польшаның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері биомедицина, инновациялық технологиялар, жасанды интеллект және фармацевтика салаларындағы өз ғылыми жетістіктерімен бөлісті.
Форум аясында өткен III Халықаралық хирургиялық олимпиада жас дәрігерлердің кәсіби дағдыларын шыңдауға бағытталды. Олимпиадаға 17 команда қатысып, жоғары деңгейдегі шеберлік пен клиникалық ойлау қабілеттерін көрсетті.
Сонымен қатар, форум шеңберінде инновациялық стартаптар байқауы өтті. Онда 14 жоба өз идеяларын ұсынды. Үздік жобалар ақшалай сыйақылармен және арнайы марапаттармен марапатталды.
Форум аясында өткен секциялық отырыстарда 500-ден астам ғылыми баяндама тыңдалды. Қатысушылар биомедицина, қоғамдық денсаулық сақтау, нанотехнология, инновациялық медицина және жасанды интеллект бағыттарында өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды.
Форумның жабылу салтанатында қатысушылар ректорға естелік сыйлықтар табыс етті. 
Форум жас зерттеушілер мен студенттер үшін ғылым мен тәжірибені тоғыстырған, жаңа идеялармен шабыттандыратын және халықаралық ынтымақтастықты нығайтқан маңызды алаңға айналды.

Пікірлер орны (0)