Войти
Басты бет Академия жаңалықтары «Жас толқын – 2025» факультета...
18 қараша 2025
4
0
0

«Жас толқын – 2025» факультетаралық өнер байқауы өтті

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жыл сайын Студенттер күні мерекесіне орай дәстүрлі түрде өткізілетін «Жас толқын – 2025» факультетаралық өнер байқауы биыл да өз жалғасын тапты. Іс-шара «Жұмысшылар жылы» тақырыбында ұйымдастырылып, өнер додасына 1-курс студенттері ерекше дайындықпен келді.
Мерекелік іс-шараны «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы түлектерінің қауымдастығы» Қоғамдық Бірлестігі төрағасы фарм.ғ.к., Сапақбай Мәлік Мырзаханұлы ашып берді. Байқаудың қазылар алқасы да құрметті қонақтардан жасақталды. Олардың қатарында Орталық Азия инновациялық университетінің Академик Мардан Сапарбаев ғимараты Жастар орталығының директоры Сапарбек Қуанышбекұлы, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының кеңесшісі Абай Сырлыбайұлы, сондай-ақ Орталық Азия инновациялық университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет басшысы Рақатбек Карсанбек Нұржанұлы болды. Қазылар әр кезең сайын қатысушылардың өнерін бағалап отырды.
Сайысты алғашқы болып Медицина факультетінің өнерпаздары ашып, сахна төрінде көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Одан кейін Фармация факультетінің студенттері жалғастырып, өздерінің талантын көпшілікке паш етті. Қызықты өнер көріністерін Жатақхана студенттер кеңесінің белсенді жастары жалғастырып, байқаудың көрігін одан әрі қыздыра түсті. 

Биылғы «Жас толқын -- 2025» байқауы «Поэзия», «Би», «Қойылым», «Аспаптық өнер», «Топтық ән» секілді бірнеше кезеңнен тұрды. Әр факультеттің өзінің жеке жүргізушілері көрерменге мерекелік атмосфера сыйлады.
Сайыс соңында «Үздік жеке ән», «Үздік поэзия», «Үздік би», «Үздік қойылым», «Үздік аспаптық өнер», «Үздік топтық ән» және «Үздік жүргізуші» аталымдары бойынша озық шыққандар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Қазылар алқасының шешімімен І орынды Медицина факультетінің, ІІ орынды Фармация факультетінің, ІІІ орынды Жатақхана кеңесінің белсенді студенттерінен құралған топ иеленді. 
Жалындаған жастық пен өнер тоғысқан бұл кеш студенттердің есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Мерекелік көңіл күйге толы «Жас толқын – 2025» қатысушыларға шабыт сыйлап, жаңа белестерге жол ашады деп сенеміз.

Пікірлер орны (0)