Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Жобаға бағытталған оқыту - біл...
9 қаңтар 2026
1
0
0

Жобаға бағытталған оқыту - білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың заманауи әдісі

Қазіргі заманғы жоғары білім беру жүйесі болашақ мамандардан теориялық білімді игеруді ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, алынған нәтижелерді тәжірибеде қолдануды және кәсіби міндеттерді өз бетінше шешуді талап етеді. Осыған байланысты әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында жобалық-бағдарланған оқыту білім беру процесін жетілдірудің тиімді тетігі ретінде кеңінен қолданылады.
Биылғы оқу жылында «Фармация» білім беру бағдарламасының В-ФҚ-03-21 тобының білім алушыларымен фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында «Фармацевтикалық химия» пәнінен жобаға-бағытталған оқыту технологиясы енгізілді.
Жобаның негізгі мақсаты - білім алушылардың дәрілік препараттардың сапасын бақылау және стандарттау бойынша тәжірибелік және зерттеу дағдыларын қалыптастыру.
Ғылыми-зерттеу жұмысы «Шілтер жапырақты шайқурай (Hypericum perforatum) экстракты негізінде стоматологиялық пленкаларды фармацевтикалық талдау және стандарттау» тақырыбы бойынша жүргізілді.
Жобаны орындау барысында білім алушылар шағын топтарға бөлінді (PharmaLab, Vitapharm, Pharmpower), әр топ үшін зерттеудің нақты бағыттары бекітілді. Топ жетекшілері тағайындалды, аға оқытушы А. Ш. Каракулова фасилитатор болды. Жобаның алғашқы кезеңдерінде білім алушылар Scopus, Web of Science, Google Scholar, PubMed сияқты халықаралық ғылыми дерекқорлармен жұмыс жасады, тақырып бойынша отандық және шетелдік әдебиеттерге жүйелі әдеби шолу жүргізді.

Екінші кезеңде зерттеу әдістері жасалып, эксперименттік зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, шілтер жапырақты шайқурай экстракты негізінде дайындалған стоматологиялық пленкалардың сапалық көрсеткіштері анықталды. Биологиялық белсенді заттарды идентификациялау және сандық анықтау үшін сапалық реакциялар, жұқа қабатты хроматография әдісі, титриметриялық талдау, сондай-ақ ИҚ- спектроскопиясы, УК-спектрофотометрия әдістері қолданылды. Сонымен қатар, стоматологиялық пленкалар сапасының фармакопеялық көрсеткіштері анықталды. Барлық зерттеу жұмыстары фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының оқу-ғылыми аудиториясында орындалды.


Зерттеу нәтижелерінің негізінде уақытша аналитикалық нормативтік құжат жобасы жасалды.

Жобалық жұмыстарды орындау процесін тиімді ұйымдастыру және мониторингтеу мақсатында білім алушылар Trello платформасын пайдаланды. Бұл платформа зерттеу кезеңдерін жоспарлауға, тапсырмаларды бөлуге және орындалған жұмыстарды визуализациялауға мүмкіндік берді.

Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша фармацевтикалық талдау әдістемесіне және стоматологиялық пленкалардың сапасына авторлық куәліктер алынды. Бұл авторлық куәліктер жобаның ғылыми жаңалығын, практикалық маңыздылығын және алынған нәтижелер зияткерлік меншік объектісі ретінде рәсімделгенін дәлелдейді.

Жобаның нәтижелері халықаралық деңгейде баяндалды. Атап айтқанда, білім алушылар оқу-зерттеу фармацевтикалық институтының (Ташкент қ.) студенттік ғылыми қоғамының IV ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, ғылыми баяндама жасады.

Сонымен қатар, Мырзабек А., Ақбердиева Ұ. және Қоныс Ә. жас ғалымдар мен студенттердің III Халықаралық форумы аясында «Биология, медицина және фармацияны дамыту перспективалары» халықаралық ғылыми конференциясына белсенді қатысқаны үшін марапатталды.

Қорытынды есеп барысында кафедра меңгерушісі, профессор Ордабаева С.К., кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы, Фармация АК төрағасы мен мүшелері білім алушылардың ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу дағдыларын, аналитикалық ойлау және фармакопеялық талдау жүргізу дағдыларын, алынған нәтижелерді сыни бағалауды қалыптастырғанын атап өтті.


Қорыта айтқанда, жобаға бағытталған оқыту болашақ фармацевт-аналитиктің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың тиімді заманауи әдісі болып табылады, бұл білім алушылардың ғылыми-зерттеу, іздену және талдау әдістерін меңгеруіне ықпал етеді.

 

 

Пікірлер орны (0)