Жаңа заман талаптары жоғары оқу орны түлектерінен білім мен біліктілікті, кәсіби дағдыларды меңгеруді ғана емес, сонымен қатар практикалық күрделі мәселелерді шеше білуді талап етеді. Осыған байланысты әлемнің жетекші университеттері PjBL (Project Based Learning) немесе тәжірибеге бағытталған оқыту технологиясын қабылдады.
Осы жағдайларға байланысты инновациялық технологиялардың бірі - жобаға бағытталған оқытуды XXI ғасырдағы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттіліктерін, дағдыларын дамытудағы тиімді әдісі ретінде оқу үдерісінің сапасын арттырудың маңызды тетіктері ретінде қарастыруға болады.
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында биылғы оқу жылында «Фармация» білім беру бағдарламасы В-ФҚ-02-21 топ білім алушыларымен дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау дағдыларын меңгеру мақсатында фармацевтикалық химия пәнінен жобалық жұмыстар енгізілген.
Ғылыми-зерттеу жобасы «Шілтер жапырақты шайқурай экстракты негізінде стоматологиялық пленкаларды фармацевтикалық талдау және стандарттау» тақырыбы бойынша жүргізілді.
Жобамен жұмыс жасау барысында білім алушылар шағын топтарға жіктеліп, зерттелетін тапсырмалары белгіленді (PharmaLab, Vitapharm, Pharmpower). Әр топтың көшбасшылары тағайындалып (Ақбердиева Ұ., Мырзабек А., Қоныс Ә), аға оқытушы А.Ш.Қарақұлова фасилитатор қызметін атқарды.
Жұмыстың орындалу тәртібі келесі кезеңдерді қамтиды:
1. Отандық және шетел ғалымдарының ғылыми зерттеу нәтижелеріне, сонымен қатар, Scopus, Web of Sciense, Google Scholar, PubMed және т.б. халықаралық ғылыми базаларға тіркеліп, тақырып бойынша мәліметтерге әдебиеттік шолулар жасау;
2. Зерттеу жұмыстарының әдістемелерін жасау және тәжірибе түрінде жасап, алынған нәтижелерді интерпретациялау;
3. Алынған зерттеу нәтижелері негізінде Уақытша аналитикалық нормативті құжат жобасын жасау;
4. Жобадағы орындалған және жоспарланған жұмыстарды визуализациялауға, алынған нәтижелерді бақылап, өз бетінше түзету енгізу мақсатында Trello платформасын қолдану.
Жобаның орындалуы алдын-ала жасалған жоспарға сай жүргізіліп, кафедраның профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен бірінші және екінші аралық бақылау уақытында аралық есептері тыңдалды.
Қорытынды есеп барысында білім алушылар зерттеу жұмысының алғашқы кезеңінде жоспарға сай Scopus, Web of Science, Google Scholar және т.б. сияқты халықаралық ғылыми базаларға тіркеліп, әдебиеттік шолулар жасағандығын атап өтті.
Жобаның екінші кезеңінде шілтер жапырақты шайқурай экстракты негізінде дайындалған стоматологиялық пленкалардың сапалық көрсеткіштерін анықтау және нормативті құжат талаптарына сәйкестігі бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, пленкалар құрамындағы биологиялық белсенді заттарға сапалық реакциялар көмегімен идентификациялау және жұқа қабатты хроматография әдісін және сандық талдаулар жүргізіліп, химиялық және аспаптық әдістер қолданылды. Сонымен қатар, өлшемі, орташа массасы, рН көрсеткіші, ыдырағыштығы және т.б. сапалық көрсеткіштері анықталды. Барлық зерттеу жұмыстары фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының ғылыми-зерттеу аудиториясында жүргізілді.
Сонымен қатар, жобалық жұмыстарды мониторинг жасауда білім алушылар Trello тақтасы платформасын қолданды. Бұл платформаның онлайн түрде жұмыс үдерістерін басқаруға ыңғайлы екендігін, қатысушылар арасында міндеттерді біркелкі бөлуге негізделгендігін студенттер толық баяндап өтті.
«Vitapharm» тобының басшысы Ұ.Акбердиева фармацевтикалық химия пәні бойынша жобаға бағытталған оқытуда жасанды интеллект қолдану мүмкіндіктеріне тоқталып өтті.
Жасанды интеллект (Artificial Intelligence, AI) - бұл компьютерлер мен бағдарламалардың ойлау, үйрену, талдау жасау, шешім қабылдау қабілетін имитациялайтын технологиялар жиынтығы, яғни жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді өңдеп, сол деректер негізінде болжам, шешім немесе ұсыныс бере алады.
Баяндама барысында Ұ.Акбердиева ғылыми ақпараттарды автоматты іздеу, ғылыми мақалаларды автоматты түрде тауып, әдеби шолу жасау процесін жеңілдету үшін жасанды интеллекттің іздеу жүйелерін (Semantic Scholar, Elicit.org) пайдалану, көлемді мақалаларды оқуға уақыт болмағанда, олардың қысқаша мазмұнын шығарып, ең маңызды жерлерін (мақсат, әдіс, нәтиже) бөліп берудегі жасанды интеллект мүмкіндіктеріне толығырақ тоқталып өтті.
Регрессиялық модельдер арқылы стоматологиялық пленкалардың құрамына байланысты сапалық көрсеткіштерін сандық түрде болжауға және болатын өзгерістерге алдын-ала болжам жасауға болатындығы аудиторияда қызығушылық тудырды.
Топ студенттері фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының ұйымдастырылуымен өткен «Жас ғалымдардың инновациялық бастамалары» атты халықаралық Постерлік баяндамалар конкурсына қатысты.
Сонымен қатар, студенттер Білім беру және зерттеу Фармацевтикалық институтында (Ташкент) өтетін студенттік ғылыми қоғамның IV ғылыми-практикалық конференциясында жобалық жұмыстардың нәтижесі бойынша баяндама жасауды жоспарлап отыр.
Келесі семестрде жобалық жұмыс жалғасады, ары қарай ИҚ-спектроскопия, УК-спектрофотометрия, фотоэлектроколориметрия әдістерін пайдалана отырып, стоматологиялық пленкаларды зерттеу және жасалған зерттеу жұмыстары нәтижелері бойынша Уақытша аналитикалық нормативті құжат жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.
Қорытынды есеп барысында кафедра меңгерушісі, профессор С.К.Ордабаева және оқытушылары білім алушылардың жұмыс барысында шетелдік әдебиеттермен жұмыс жасауда іздену қабілеттері, аналитикалық ойлау және фармакопеялық талдау нәтижелеріне сыни баға беру, MS Excel, Trello бағдарламаларымен және т.б дағдыларының қалыптасқандығын атап өтіп, оң бағаларын берді.
Қорыта айтқанда, жобаға бағытталған оқыту негізінде білім алушылардың зерттеу, іздеу, анықтау, дәлелдеу, синтез және фармацевтикалық талдау әдістерін жасау дағдылары қалыптасатындығын және жобаға белгілі мерзім берілуіне байланысты олардың уақытты үнемді пайдалануды үйренгендігін атап өтуге болады. Сонымен қатар, бұл оқыту әдісі болашақ фармацевт-аналитиктің кәсіби бағытын сипаттайтын ойлау қабілеттерін қалыптастырады.