
Қазіргі уақытта респираторлық вирустық инфекциялар, әсіресе жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау, қоғам арасында ең көп таралатын жұқпалы аурулар қатарында. Маусымдық өршу кезеңдерінде олардың жиілігі артып, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай салмақ түсіреді.
Осы мәселеге байланысты «Отбасылық медицина» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қауызбай Жұмалы Әріпбайұлы 9 желтоқсан 2025 жылы Шымкент қалалық №1 және №8 емханаларда «ЖРВИ мен тұмауды диагностикалау және емдеудің заманауи әдістері» атты ағартушылық дәріс өткізді. Дәрістің басты мақсаты – дәрігерлердің клиникалық ойлау дағдысын тереңдету, дәлелді медицинаға негізделген емдеу тәсілдерін күшейту және тәжірибеде артық, тиімсіз ем қолданудың алдын алу.

Дәріс барысында мамандарға клиникалық тәжірибеде жиі туындайтын маңызды сұрақтар түсіндіріліп, қазіргі емдеу хаттамаларындағы жаңартулар талқыланды. Жұмалы Әріпбайұлы ЖРВИ мен тұмаудың негізгі қоздырғыштары, таралу тетіктері мен аурудың ағымы жөнінде кең көлемді ақпарат берді. Сонымен бірге, заманауи диагностикалық әдістер мен емдеудің тиімді бағыттарына ерекше назар аударылды.
Дәрістің маңызды бөлігінің бірі — жыл сайынғы тұмауға қарсы вакцинацияның маңызын түсіндіру болды. Ғылыми деректерге сүйене отырып, вакцинацияның аурудың ауыр түрінің, асқынулардың және өлім-жітімнің алдын алудағы жоғары тиімділігі атап өтілді.
Шара соңында дәрігерлер өз тәжірибелерінде жиі кездесетін мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, пікір алмасып, пайдалы кәсіби талқылау жүргізді. Қатысушылар дәрістің мазмұны мен өзектілігін жоғары бағалап, қазіргі клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізу тактикасын нақтылау жұмыстарына айтарлықтай көмектесетінін айтты.
Маусымдық ЖРВИ мен тұмаумен күресте медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру – халық денсаулығын сақтаудың маңызды тетігі болып табылады.