
Қазіргі таңда респираторлық вирустық инфекциялар, соның ішінде жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау халық арасында ең жиі таралатын жұқпалы аурулардың бірі болып табылады. Маусымдық кезеңдерде аурушаңдықтың артуы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі үшін өзекті мәселе болып отыр.
Осыған байланысты «Отбасылық медицина» кафедра меңгерушісі, м.ғ.к., қауым.профессор Қауызбай Жұмалы Әріпбайұлы Шымкент қалалық №6 және №13 емханаларда «ЖРВИ мен тұмауды диагностикалаудың және емдеудің заманауи әдістері» тақырыбында ақпараттық-ағартушылық дәріс ұйымдастырды. Дәрістің негізгі мақсаты – дәрігерлердің ЖРВИ мен тұмауға қатысты клиникалық ойлау қабілетін жетілдіру, дәлелді медицинаға негізделген ем тактикасын нығайту, артық немесе тиімсіз ем әдістерінен бас тартуға бағыттау.
Дәріс кәсіби тәжірибеде жиі кездесетін күрделі сұрақтарға жауап беріп, емдеу хаттамаларындағы жаңалықтарды талқылауға бағытталды. Дәріс барысында Жұмалы Әріпбайұлы ЖРВИ мен тұмаудың таралу жолдары, қоздырғыштары және аурудың ағымы туралы кең көлемді мәлімет берді. Дәріс барысында ЖРВИ мен тұмауды диагностикалаудың және емдеудің заманауи әдістеріне аса назар аударылды. Жыл сайынғы тұмауға қарсы вакцинацияның тиімділігі туралы айтылды. Вакцина аурудың ауыр өтуін, асқынуды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатыны ғылыми дәлелдермен көрсетілді. Дәріс соңында дәрігерлер тәжірибеде жиі кездесетін өзекті сұрақтарымен бөлісіп, пікір алмасты.
Қатысушылар дәрістің мазмұнын жоғары бағалап, қазіргі клиникалық хаттамаларға сәйкес емдеу тактикасын нақтылау өз жұмыстарына пайдалы екенін атап өтті.
ЖРВИ мен тұмау секілді маусымдық аурулармен күресте дәрігерлердің біліктілігін арттыру – халық денсаулығын қорғаудың негізгі жолдарының бірі.