
2026 жылдың 8 қазанында «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, медицина академиясының студенттерімен бірге Түркістан облысы, Төлеби ауданының № 2 балалар үйіне бару жүзеге асырылды.
Қайырымдылық акциясының негізгі мақсаты – балаларға қолдау көрсету, олардың қажеттіліктеріне назар аудару, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етуге үлес қосу және студенттер арасында ізгілік пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптеу.
Іс-шараға ВМ-МАА-11-22 және ВМ-МҚБ-04-22 кураторлық топтарының студенттері қатысты. Сонымен қатар, ВМ-СО-10-25, ВМ-МҚА-04-22 және ВМ-МОБ-10-25 волонтерлік топтарының студенттері қайырымдылық бастамасын жүзеге асыруға белсенді атсалысып, игі істің орындалуына елеулі үлес қосты.
Акция аясында балалар үйіндегі 68 балаға қайырымдылық көмегі көрсетілді. Балалардың күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып, оларға жылы киімдер, тұрмыстық химия құралдары, жеке гигиена заттары, сусындар және түрлі азық-түлік өнімдері жеткізілді.
«Жүректен жүрекке» акциясы студенттердің тек кәсіби білімін ғана емес, сонымен қатар тұлғалық және адамгершілік қасиеттерін дамытуға бағытталған тәрбиелік маңызы зор іс-шара болды. Мұндай бастамалар болашақ медицина мамандарының бойында мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық және қоғам алдындағы жауапкершілік сезімдерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осындай әлеуметтік және қайырымдылық бағытындағы іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру студенттердің рухани-адамгершілік тәрбиесін жетілдіруге, волонтерлік қозғалысты дамытуға және болашақ медицина мамандарын кәсіби этика мен ізгілік қағидаттары негізінде тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Іс-шараны «Фтизиопульмонология және радиология» кафедрасының ассистенті
Назарбаева Гулжанат Налиханқызы ұйымдастырды.