
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «16 наурыз – мәдениет және салт-дәстүр күні» мерекесіне орай «Заманауи қоғамдағы дәстүр мен мәдениеттің рөлі» атты тақырыпта интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. Іс-шараға қаладағы 8 жоғары оқу орнынан (Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ, М. Сапарбаев университеті, Ж. Тәшенев атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Мирас университеті, ОАИУ) студенттер қатысты.

Іс-шараны оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы ашып беріп, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
«Құрметті қонақтар! Өздеріңізге мәлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Наурыз мерекесі 10 күн бойы тойлануда. Осы мереке аясында біздің оқу орнымызда күн сайын түрлі іс-шара өтуде. Соның бірі – студенттерге арналған интеллектуалды ойын. Сайысқа қатысып отырған қаламыздағы жоғары оқу орындарының студенттеріне және қонақтарға алғысымызды білдіреміз», – деді.
Қазылар алқасының құрамында Жастар ресурстық орталығының басшысы Жұман Жансерік Бауыржанұлы, Студенттерді есепке алу бөлімінің меңгерушісі Чапай Нұршат Қазыбекұлы және Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі мұғалімі Оспанова Айсұлу Тойшыбекқызы болды.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде командалар өз топтарын таныстырса, екінші кезеңде қатысушылар мәдениет пен салт-дәстүрге қатысты өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Одан кейін «Дода» сұрақ-жауап сайысы болды. Бұл бөлімде студенттер ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге байланысты түрлі сұрақтарға жауап берді. Соңында қатысушылар өз өнерлерін ортаға салып, актерлік шеберліктері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Нәтижесінде І орынды Ж. Тәшенев университетінің, ІІ орынды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің, ІІІ орынды Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттерінен құралған командалар жеңіп алды.
Сайысқа қатысқан барлық командаларға Алғыс хат тапсырылды.