
«22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні Наурыз» мейрамы – көктемнің келуін, күн мен түннің теңелуін білдіретін, жаңару мен жасампаздықтың символына айналған ұлттық мереке. Бұл мейрам халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, ізгілік пен мейірімділікке үндейді.
Осыған орай, 2026 жыл 20 наурызда «Отбасылық медицина» кафедрасының ұжымы және кафедраға қарасты дәрігер-интерндер бірлесе отырып «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» тақырыбында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жас мамандар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұжымдық бірлікті арттыру, кәсіби қызмет пен рухани мәдениетті ұштастыру болды.

Іс-шара барысында Наурыз мерекесінің тарихына тоқталып, оның тәрбиелік мәнін атап өтті. Наурыз – тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамның ішкі жан дүниесінің жаңаруы, жаңа мақсаттар мен игі істердің бастамасы екендігі айтылды. Бұл ұғым дәрігер мамандығының мәнімен де үндеседі. Себебі дәрігердің басты міндеті – адам өмірін сақтау, саулық сыйлау, яғни үміт пен жаңарудың бастауы болу.
Наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көже әзірленіп, қатысушыларға ұсынылды. Жеті түрлі дәмнен тұратын бұл тағам молшылық пен берекенің белгісі ретінде таратылды. Сонымен қатар, дастарқанға ұлттық тағамдар қойылып, әр тағамның адам денсаулығына пайдасы туралы қысқаша ақпарат берілді.
Іс-шара барысында ұлттық ойындар мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін көріністер ұйымдастырылды. Интерндер «Тұсау кесер», «Сырға салу»көріністерін қойды және «Арқан тарту», «Асық ату» ойындарына қатысып, ұйымшылдық пен ептіліктің үлгісін көрсетті. Мұндай ойындар ұжымдық рухты нығайтып, әріптестер арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етті. Интерндер қазақтың халық әндерін орындап, ұлттық билер биледі. Домбыра үні шырқалып, патриоттық әндер айтылды.