Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Абыроймен атқарылған іс-сапар,...
18 мамыр 2026
1
2
1

Абыроймен атқарылған іс-сапар, халықаралық деңгейдегі үлкен клиникалық тәжірибе!

Халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу — заманауи медициналық білім беру мен клиникалық тәжірибенің басты негізі. Осы бағытта Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы (ОҚМА) «Отбасылық медицина» кафедрасының ассистенті, жоғары санатты жалпы тәжірибелік дәрігер Аташова Кумисай Кулдыраковна Өзбекстан Республикасы, Бұқара қаласында орналасқан Әбу Әли ибн Сино атындағы Бұқара мемлекеттік медицина институтында сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 11-15 мамыр аралығында іс-сапарда болып қайтты.
Тәжірибе алмасу институттың ең іргелі кафедрасының бірі — Бұқара көпбейінді орталық емханасы базасында орналасқан Ішкі аурулар отбасылық медицина кафедрасында өтті.Кафедра меңгерушісі, 4 бірдей PhD докторантты қанаттандырған білікті маман, д.м.н., доцент Матлуба Наджмиддиновна Бадритдинова ПОҚ мен білім алушылармен таныстырып,тәжірибенің сәтті өтуіне жағдай жасады.

Кафедраның дәріс залында бакалаврлар мен магистранттарға К.К.Аташова «Жедел коронарлық синдром кезінде шұғыл амбулаторлық көмекті ұйымдастыру» және «Өкпе жүрек - реанимациясын жүргізу тәртібі» тақырыбында дәріс сабақтар өткізді. ЖКС -ға күдік болған науқастарды емхана деңгейінде бастапқы тексеру,бағалау және ESC 2023 (Еуропалық кардиологтар қоғамы) халықаралық клиникалық нұсқаулықтарына сай қауіп стратификациясын жасау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, өлім немесе күрделі асқыну қаупін болжауға арналған GRACE risk score шкаласының көрсеткіштерін қолдану, науқасты жүргізу тактикасын (консервативті немесе шұғыл коронарография) таңдау, аурухана ішіндегі және алдағы 6 айдағы өлім қаупі болжамын анықтау, емі мен екіншілік профилактиканың маңыздылығы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Дәрісте емхана деңгейіндегі дәрігердің сауатты іс-қимылы, нақты диагностикасы мен терапиядағы әрбір минут («алтын уақыт») өлім деңгейін төмендетуде шешуші рөл атқаратыны айтылды.
Дәріс сабақтарынан бөлек, К.К. Аташова институт базасының көпбейінді клиникасының тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Соңғы үлгідегі заманауи КТ, МРТ және рентген кабинеттері мен Клиникалық және ғылыми зертханаларда болып, жергілікті дәрігерлермен бірге стационарда жатқан науқастардың талдау қорытындыларына сараптама жасады. Стационарда кардиологиялық науқастарды қарауға қатысып, пациенттермен тілдесіп, ем тағайындау тактикаларын бірге талқылады. Ерекше атап өтетін Клиника базасында емдік шөптерден табиғи дәрілік препараттар өндіріліп, емхана мен стационар пациенттеріне белсенді тағайындалатыны үлкен жаңалық және ұтымды шешім болды. Бұл — ұлы шипагер Ибн Синоның дәстүрлі медицинасы мен заманауи технологиялардың тамаша үйлесімі іспеттес. Сонымен қатар, институттың төрт тілдегі (өзбек, орыс, ағылшын,түрік) шетелдік және отандық озық медициналық әдебиеттермен толық жабдықталған зәулім кітапханасының жұмысы мен медицинаның атасы,ұлы ғұлама ұстаз Әбу Әли Ибн Сино музейімен танысты.
Қос елдің медицина ғылымы мен білімін дамыту жолындағы алтын көпірге айналған бұл халықаралық сапар өте жемісті, әрі нәтижелі аяқталып, арнайы Сертификатпен нақтыланды.
Сенім білдіріп, қолдау көрсеткен қос оқу орны басшылығына, Ішкі аурулар және отбасылық медицина кафедрасының ұжымына және Бұқара төрінде аналық мейірімімен, жоғары қонақжайлылығымен қарсы алған кафедра меңгерушісі, д.м.н., доцент Матлуба Наджмиддиновнаға шексіз ризашылығымызды білдіреміз!
Біліміміз бен біліктілігіміз ем іздеген әрбір жанның шипасына айналғай!

Пікірлер орны (1)
Қауызбай Жұмалы Әріпбайұлы
👏👍💥