
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы «Жалпы медицина» білім беру бағдарламасының 5 курс ВМ-МҚА-05-22, ВМ-МҚБ-05-22, ВМ-МҚА-06-22 топтарының білім алушыларына «Адалдық сағаты» тақырыбында ашық тәрбие сабағын өткізді.
Іс-шараның мақсаты – Академиялық адалдық кодексінің негізгі қағидаларын түсіндіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және болашақ дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін арттыру.

Сабақ медициналық білім беру мен клиникалық тәжірибеге бағытталған интерактивті форматта өтті. Білім алушылар плагиат, емтиханда көшіру, зерттеу нәтижелерін бұрмалау, медициналық құжаттарға жалған немесе тексерілмеген мәлімет енгізу сияқты академиялық адалдықты бұзу жағдайларын талқылады.
Клиникалық және этикалық кейстерді талдау барысында студенттер нақты жағдайларда дұрыс шешім қабылдау жолдарын ұсынды. Медициналық құжаттарды дұрыс жүргізу, ақпараттың шынайылығы, кәсіби қателіктерді жасырмау, қажет жағдайда тәжірибелі маманнан кеңес алу және пациент қауіпсіздігін бірінші орынға қою мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ашық диалог қорытындысында академиялық адалдықтың білім беру үдерісіндегі талап қана емес, дәрігердің кәсіби мәдениетінің ажырамас бөлігі екені атап өтілді. «Бүгінгі адал студент – ертеңгі жауапты дәрігер» қағидасы адалдық, жауапкершілік және пациент сенімінің болашақ медицина маманы үшін маңызын айқындады.