
2026 жылғы 18 қыркүйекте «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен 1-курс білім алушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабын таныстыруға арналған танымдық іс-шара өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас білім алушыларды Мемлекет басшысының елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуы, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, заң мен тәртіп, жастардың азаматтық жауапкершілігі жөніндегі ой-тұжырымдарымен таныстыру, олардың қоғамдық санасы мен азаматтық ұстанымын қалыптастыру.
Кітаптың мазмұны мен негізгі бағыттарын кафедра меңгерушісі Ж.О. Нұржанбаева таныстырып өтті. Ол еңбектің мазмұнына тоқталып, кітапта Мемлекет басшысының әр жылдары айтқан баяндамалары, мақалалары, сұхбаттары мен маңызды ой-тұжырымдары жинақталғанын атап өтті.
Таныстырылым барысында әділеттілік, заң мен тәртіп, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, жастардың азаматтық жауапкершілігі, еңбекқорлық және отансүйгіштік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кафедра меңгерушісі білім алушыларға кітапта көтерілген мәселелердің қазіргі қоғам үшін маңызын түсіндіріп, жастардың сапалы білім алып, ізденіп, ел дамуына өз үлесін қосуының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында 1-курс білім алушылары кітаптың мазмұнымен танысып, өз пікірлерін білдіріп, қоғам мен мемлекет дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша ой бөлісті. Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың, қоғамдық мәселелерге қызығушылық танытып, азаматтық жауапкершілікті сезінудің маңызы сөз болды.
Танымдық кездесу білім алушылардың қоғамдық-саяси сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылымы білім алушылар үшін мазмұнды әрі тағылымды кездесу болып, жас ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігін терең түсінуге мүмкіндік берді.