
«Медицина» мамандығы бойынша 2-курс докторанты Болатова Диляфруз әлемдік QS Ranking халықаралық рейтингінде 401-орынды иеленетін Қазан (Приволжск) федералдық университетінде (Қазан қ., РФ) ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама жоспары отандық ғылыми жетекшісі – «Педиатрия-1» кафедрасының меңгерушісі, PhD Кемельбеков Қ.С.-пен бірлесіп дайындалып, ҚФУ «Іргелі медицина және биология институтының» «Тәжірибе, аккредитация және қосымша білім беру орталығының» меңгерушісі Закирова Э.Р.-мен келісілді. Бұл тағылымдаманы табысты өтуге мүмкіндік берді.
Қазан қаласында болған кезеңде Болатова Д. балалар кардиологиясы, педиатрия және ультрадыбыстық диагностика бөлімдерінде науқастарды қарап, практикалық материал жинады. Сонымен қатар диссертациялық зерттеуін шетелдік ғылыми кеңесшісі – медицина ғылымдарының докторы, балалар республикалық клиникалық ауруханасының ультрадыбыстық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, функционалдық диагностика дәрігері және «Педиатрия курсымен клиникалық диагностика» кафедрасының оқытушысы Ғалимова Л.Ф.-пен талқылады.
Әлемнің жетекші университеттерінің бірінде өткен ғылыми тағылымдама зерттеу білімін тереңдетуге, құнды тәжірибе алуға және шетелдік ғалымдармен кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Академия мен ҚФУ арасында болашақтағы бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жұмыстарын жүзеге асыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бағдарлама аяқталған соң Болатова Диляфрузға ғылыми тағылымдамадан өткендігі туралы Куәлік табыс етілді.
