
Шымкент қаласында полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Ашық форматта өткен жиынға қала тұрғындары мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 50-ге жуық студенті қатысты.
Кездесу Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтті. Жиында ішкі істер органдарының жұмысы таныстырылып, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, жол қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тұрғындар бейнебақылау камераларын көбейту және учаскелік инспекторлар санын арттыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу мен жеке деректер қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Кездесу соңында Мұхтар Қожаев тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кері байланыстың маңызын атап өтті.