
2026 жылғы 8 қазанда Оңтүстік Қазақстан медицина академиясынның Шет тілі кафедрасының ұйымдастыруымен МҚАБ-06-26, СҚАБ-03-26 топтарының студенттері арасында «Академиялық адалдық лигасы» тақырыбында іс шара өткізілді. Кафедраның аға оқытушысы Баймаханова Анжела Бершинбайқызы Академиялық адалдық лигасына жауапты болып тағайындалды.
Іс шараның негізгі мақсаты - Академиялық адалдық лигасы Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын біріктіретін қауымдастық. Лига 2018 жылғы 28 тамызда құрылған. Оның басты мақсаты - академиялық адалдық қағидаларын жоғары оқу орындарында қалыптастыру және дамыту арқылы білім беру сапасын арттыру.
Академиялық адалдық дегеніміз - студенттің оқу барысында шыншыл, әділ және жауапкершілікпен әрекет етуі. Яғни студент тапсырманы өз бетімен орындауы, емтиханда көшірмеуі, плагиат жасамауы, басқа адамның еңбегін өзінікі ретінде көрсетпеуі және пайдаланған ақпараттың дереккөзін дұрыс көрсетуі керек. Бұл тек студентке ғана қатысты емес. Оқытушылар да бағалауды әділ жүргізуге, студенттердің еңбегін объективті бағалауға және академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыруға жауапты. Сонымен қатар студенттерге академиялық адалдық қағидаларын түсіндіру, оқу процесінде әділдік пен жауапкершілікті сақтау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ емтихан сессиясы кезінде академиялық құқықбұзушылықтардың (плагиат, көшіру, алдау) алдын алу.
Әсіресе медицина саласында академиялық адалдықтың маңызы өте жоғары. Болашақ дәрігер оқу кезінде алған білімін кейін науқастармен жұмыс барысында қолданады. Сондықтан студенттің емтиханнан қалай да жоғары баға алуы емес, білімді шынайы меңгеруі маңызды. Көшіріп алған баға болашақ маманның нақты білімін көрсете алмайды.
Қысқаша айтқанда, Академиялық адалдық лигасы - Қазақстандағы жоғары оқу орындарында адал білім алуды, әділ бағалауды, плагиатқа жол бермеуді және білім сапасын арттыруды көздейтін ұйым. Оның жұмысы студенттің тек диплом алуына емес, шынайы білім мен кәсіби құзыреттілікке ие болуына бағытталған.