
2026 жылғы 16–20 сәуір аралығында, ОҚМА профессор-оқытушылар құрамының 2025–2026 оқу жылына арналған академиялық ұтқырлық жоспарына сәйкес, педагогикалық тәжірибе алмасу, жаңа білім беру технологияларын енгізу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Абуова Гүлжан Наркенқызы және доцент м.а., PhD Бердалиева Фарида Абдуллаевна Әбу Әли ибн Сина атындағы Бухара мемлекеттік медицина институты жанындағы эпидемиология, дерматовенерология және балалар дерматовенерологиясы кафедрасында, сондай-ақ Республикалық мамандандырылған эпидемиология, микробиология, жұқпалы және паразиттік аурулар орталығының Бухара филиалында академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асырды. Аталған кезеңде емдеу ісі және педиатрия факультеттерінің 5-курс студенттері мен клиникалық ординаторларға арналған өзекті тақырыптар бойынша дәрістер, семинарлар, пікірталастар және кейс-тестілеулер циклі өткізілді. Сонымен қатар, реанимация бөлімшесінде ауыр науқастарға қатысты консилиумдар жүргізілді. Абуова Г.Н. және Бердалиева Ф.А. «Жұқпалы аурулар саласындағы халықаралық ынтымақтастық: ғылыми жетістіктер, клиникалық практикадағы инновациялар және профилактика» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына ауызша баяндамалармен қатысты.
Академиялық ұтқырлық нәтижесінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша бірлескен білім беру бағдарламасының негізі қаланып, бірлескен ғылыми жарияланымдар жоспарланды. Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Абуова Г.Н.-ға «Бухара мемлекеттік медицина институтының Құрметті профессоры» атағы берілді.


