Қазіргі заманда медициналық және фармацевтикалық білім беру оқшау түрде дами алмайды. Ғылымның дамуы, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерінің пайда болуы оқытушылар мен дәрігерлерден өз кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіруді және басқа елдердің әріптестерімен тәжірибе алмасуды талап етеді. Осындай дамудың негізгі құралдарының бірі – академиялық ұтқырлық болып табылады. Ол әлемдік озық тәжірибелерді оқу үдерісіне және клиникалық қызметке енгізуге мүмкіндік береді.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы (ОҚМА) алмасу бағдарламаларын белсенді түрде қолдайды. Бұл бағыттың табысты жүзеге асырылуының жарқын мысалдарының бірі – «Семей медицина университеті» КеАҚ фармакология кафедрасының меңгерушісі Р.Е. Тулеутаева тәжірибесі. Р.Е. Тулеутаева жақында фармакология, фармакотерапия және клиникалық фармакология кафедрасында академиялық ұтқырлық бағдарламасын аяқтады.
Сапар 2026 жылдың 2–13 ақпан аралығында өтті және серіктестік байланыстарды нығайтуға, клиникалық фармакология саласындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ОҚМА-дағы білім беру үдерісімен танысуға бағытталды. Р.Е. Тулеутаева қатысуымен дайындалған бағдарлама бірнеше негізгі бағыттарды қамтыды, бұл оның академиядағы уақытын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.

Негізгі іс-шаралар:
1.Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына арналған дәрістер мен шеберлік (мастерлер) сабақтары: маман ОҚМА студенттері мен оқытушыларына клиникалық фармакология саласындағы заманауи үрдістерге арналған дәрістер циклын оқыды. Аудиторияның ерекше қызығушылығын дәрілік заттарды ұтымды қолданудың инновациялық тәсілдері көрсетілген интерактивті семинарлар тудырды.

2.Клиникалық консультациялар: сапар аясында Р.Е. Тулеутаева академияның клиникалық базаларын (Облыстық онкологиялық орталық, №1 қалалық клиникалық аурухана) аралап, фармакология, фармакотерапия және клиникалық фармакология кафедрасымен бірлесіп онкологиялық ауруларды емдеудегі дәрілік заттардың өзара әсері және антибиотикке төзімділік мәселелері бойынша дәрігерлерге дәрістер мен консультациялар өткізді.

Бағдарлама шеңберінде кардиология және терапия кафедрасымен (кафедра меңгерушісі Асанова Г.К.) бірлесіп коморбидті жағдайлары бар кардиологиялық науқастарды талдауға және күрделі науқастар санатындағы фармакотерапия мәселелерін талқылауға арналған интеграцияланған семинар өткізілді.
Тәжірибелік дәрігерлер үшін созылмалы бүйрек ауруы бар науқастарда дәрі дозалау режимін түзету бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылып, оның нәтижесінде ОҚМА және МҚТУ мамандары мен резиденттеріне сертификаттар табысталды.

3.Ғылыми пікірталастар мен дөңгелек үстелдер: профессор-оқытушылар құрамымен жұмыс кездесулері өткізіліп, бірлескен ғылыми жобалар мен жарияланымдардың перспективалары, сондай-ақ студенттер, магистранттар және резиденттер алмасу мүмкіндіктері талқыланды.
