
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы «Отбасылық медицина» кафедрасының ұжымы жастарға тағылымды тәрбие беру мақсатында мазмұнды іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараның бастамашысы – кафедра ассистенті, жоғары санатты терапевт-кардиолог Аташова Күмісай Құлдыраққызы ІЖТДО 29-24 және ІТҚ-03-25 топтарының интерн-дәрігерлерімен Алғыс айту күні аясында ел тыныштығы мен бейбіт өмірі жолында еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіп, Шымкент қалалық мұражайында тағылымды кездесуге қатысты.Кездесуде қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,мұражай басшысы Адаев Уәлихан Жолдасбекұлы жас дәрігерлерді мұражай жәдігерлерімен таныстырып, тарих тереңінен сыр шертті. Ол жастарға патриоттық рух беріп, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлардың жанқиярлық ерлігі мен сол кездегі барлау қызметінде жаумен шайқасып, Жеңіс күнін жақындатқан қаһармандардың фотосымен таныстырып,олардың ерен еңбегі жәйлі әсерлі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, ел бірлігі мен ұлтаралық татулықты сақтау, Отанға адал қызмет ету жөнінде ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын берді.
Бүгінгі бейбіт күн мен ашық аспан - құрметті ардагерлеріміздің ерен еңбегі мен жанкешті ерлігінің жемісі. Біз өткенімізге құрметпен қарап, батырларымыздың ерлігін әрқашан мақтан тұтуымыз қажет. Олар сыйлаған тыныштық үшін алғысымыз шексіз.

«Дәрігердің қолы ғана емес, жүрегі де емші болуы тиіс. Біз жас дәрігерлерге тарихтың ащы сабағы мен ардагерлердің даңқты жолын үлгі ете отырып, олардың бойындағы мейірімділік пен жанашырлық сезімін оятуымыз керек. Өткенге құрметпен қараған маман ғана болашақ алдындағы өз жауапкершілігін терең сезіне алады».
Кездесу соңында ардагерлер кеңесі төрағасы Адаев Уалихан Жолдасбекұлы медициналық көмек қажет,емханаға бара алмайтын ауыр сырқаты бар және психологиялық қолдау қажет жалғызбасты қариялардың тізімін ұсынды.Ардагерлердің ішінде 95-жастағы тыл ардагерлері де болды.
Интерн-дәрігерлер тізім бойынша ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, кәсіби медициналық тексеру жүргізді. Қариялардың шағымдары тыңдалып, ауру тарихы зерделенді, қан қысымы өлшеніп, жүрек тондары мен пульс көрсеткіштері тексерілді. Сонымен қатар қабылдап жүрген дәрі-дәрмектеріне талдау жасалып, емдеу шараларына қажетті түзетулер мен ұсыныстар берілді.
Бұл игі бастама жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, олардың жүрегіндегі жанашырлық пен үлкенге деген құрмет сезімін нығайтты. Ардагерлер алғысына бөленген бұл күн – шынайы құрмет пен адамгершіліктің айқын көрінісі болды.