
2026 жылғы 3 сәуірде «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-ның үлкен мәжіліс залында «Асқазан-ішек жолы патологиясы бар күрделі пациент: мамандықтар тоғысындағы шешімдер» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны «ОҚМА» АҚ-ның «Жалпы практика дәрігері–2» кафедрасы GastroMed медициналық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция асқазан-ішек жолы аурулары бар пациенттерді диагностикалау, емдеу және жүргізудің өзекті мәселелерін талқылауға бағытталды, сондай-ақ мультидисциплинарлық тәсілді талап ететін клиникалық жағдайларды қарастыруға арналды. Ерекше назар әртүрлі бейіндегі мамандардың — жалпы практика дәрігерлерінің, гастроэнтерологтардың, инфекционистердің, хирургтардың және басқа да мамандардың — күрделі клиникалық жағдайларды жүргізудегі өзара іс-қимылына, сондай-ақ мұндай пациенттерді алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде жүргізу тактикасына аударылды.
Конференцияны «ОҚМА» АҚ ректоры — Сейтжанова Жанна Серікжанқызы ашып, қазіргі медицина жағдайында осындай ғылыми іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ «Жалпы практика дәрігері–2» кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., профессор Досыбаева Гулжан Нұрбекқызы конференция тақырыбының алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесі үшін өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар, GastroMed медициналық орталығының президенті Сыздықова Ляззат Ишанбекқызы клиникалық тәжірибе мен академиялық ғылым арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Конференция жұмысына Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс гепатологы, м.ғ.к. Рсалиева Ж.М., Түркістан облысының бас штаттан тыс гастроэнтерологы Курмангалиева А.К., «Ішек ауруларын зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамы» ҚҚ төрайымы, м.ғ.к., асс. профессор Кайбуллаева Д.А., Алматы қаласының ІҚА (ВЗК) мамандандырылған орталығының жетекшісі Мусатаев И.М., Шымкент қаласының облыстық клиникалық ауруханасы хирургия жөніндегі басшы орынбасары, PhD, асс. профессор Досханов М.О., Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ мамандары, GastroMed медициналық орталығының мамандары, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аудандарының практикалық дәрігерлері, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, «Жалпы практика дәрігері–2» кафедрасының интерндары мен резиденттері қатысты.
Іс-шара барысында гастроэнтерологияның өзекті мәселелеріне, асқазан-ішек жолы ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдеріне, күрделі клиникалық жағдайларды талдауға, коморбидтілік, инфекциялық патология, хирургиялық аспектілер және ПМСК деңгейінде пациенттерді жүргізу тактикасына арналған баяндамалар ұсынылды.
Конференция практикалық денсаулық сақтау дәрігерлері тарапынан жоғары бағаға ие болып, ұсынылған материалдардың практикалық маңыздылығының жоғары екендігі, талқыланған мәселелердің өзектілігі және денсаулық сақтау саласында пәнаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттілігі атап өтілді.
