«Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының доцент м.а. М.У.Турадилов «Заң» үйірмесінің мүшелерімен «Азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын түсіндіруге, Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, оның ішінді терроризмнің, нәсілдік және діни экстремизмнің таралуын тоқтатуға бағытталған әңгіме өткізді.
Мақсаты: білім алушылардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтары туралы құқықтық сауаттылығын арттыру, ұлттық қауіпсіздікті сақтау жолдарын түсіндіру, сондай-ақ терроризмнің, нәсілдік және діни экстремизмнің алдын алу бағытында жастардың жауапкершілігін күшейту және діни толеранттылықты қалыптастыру.
Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес әр азаматтың ар-ождан бостандығына, оның ішінде діни сенім еркіндігіне құқығы бар. Бұл құқықты жүзеге асыру демократиялық қоғам құндылықтарының ажырамас бөлігі болып табылады. Алайда соңғы жылдары жаһандық және аймақтық деңгейде діни факторды теріс мақсатта пайдаланатын, түрлі радикалды және экстремистік ұйымдардың белсенділігі артып келеді. Осыған орай, жастар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, діни сауаттылықты арттыру, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Жиын барысында студенттермен азаматтардың діни сенім бостандығының заңнамалық негіздері, оның шектері мен құқықтық кепілдіктері туралы түсініктеме берілді. Сонымен қатар, діни экстремизм мен терроризмнің қоғамға төндіретін қауіптері, олардың таралу жолдары, алдын алу шаралары жайлы әңгіме өрбіді. Студенттер өз кезегінде бұл мәселеге қатысты сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті. Әсіресе интернет және әлеуметтік желілер арқылы таралатын деструктивті діни идеялардың қауіптілігі туралы, оларға қарсы ақпараттық иммунитет қалыптастыру қажеттігі жайлы ой қозғалды.
Талқылау нәтижесінде діни сенім бостандығы мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері өзара тығыз байланысты екендігіне көз жеткізілді. Әрбір азамат өз құқығын пайдалана отырып, сонымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілігін де сезіне білуі тиіс деген тұжырым жасалды. Радикалдық және экстремистік идеологияларға қарсы тұру үшін жастардың діни сауаттылығы мен ақпараттық мәдениетін арттырудың маңызы ерекше атап өтілді. Студенттер өз ортасында төзімділік пен өзара құрмет негізінде қоғамдық келісімді нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
Жиын мазмұнды өтті, студенттер белсенді қатысып, өз көзқарастарын ашық білдірді. Іс-шара өз мақсатына жетті және қатысушыларға пайдалы ақпарат ұсынды.