
2026 жылғы 13 сәуірінен бастап Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының №380 «Өндірістік тәжірибеден өтуге жіберу туралы» бұйрығына сәйкес «Фармация» білім беру бағдарламасының 5 курс білім алушыларына «Дәрілердің өндірістік технологиясы» пәні бойынша өндірістік тәжірибе басталды.
Білім алушылар өндірістік тәжірибені «Химфарм» АҚ, «Экофарм Интернейшнл» ЖШС, «Фито-АпиФарм» ЖШС базаларында өтуде. Аталған кәсіпорындар тек тәжірибе өту алаңдары ғана емес, сонымен қатар академиямыздың стратегиялық серіктестері әрі түлектеріміздің болашақ әлеуетті жұмыс берушілері болып табылады. Осыған байланысты білім беру үдерісінің бұл құрамдас бөлігі ерекше маңызға ие, себебі ол болашақ фармацевттердің табысты жұмысқа орналасуына және кәсіби қалыптасуына тікелей жол ашатын маңызды кезең болып саналады.
Өндірістік тәжірибе барысында болашақ мамандардың кәсіби құзыреттіліктері қалыптасады. Білім алушылар фармацевтикалық өндіріс үдерістерімен жан-жақты танысып, дәрілік заттарды өндірудің негізгі технологиялық кезеңдерін, өндірістік процестерді және сапаны бақылау әдістерін меңгереді. Сонымен қатар өндірістік жабдықтармен жұмыс істеу, технологиялық регламенттерді сақтау және қауіпсіздік талаптарын орындау дағдыларын жетілдіреді.
«Дәрілер технологиясы және фармакогнозия» кафедрасы кафедра пәндері бойынша өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасағаны үшін академия басшылығына және еліміздің жетекші фармацевтикалық өндіріс орындары базаларында тәжірибе ұйымдастырғаны үшін шынайы алғыс білдіреді.