
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Инфекциялық аурулар кафедрасы мен Әбу Әли ибн Сино атындағы Бұхара мемлекеттік медицина институтының Эпидемиология, дерматовенерология және балалар дерматовенерологиясы кафедрасы, сондай-ақ Бұхара қаласындағы Республикалық эпидемиология, микробиология, инфекциялық және паразиттік аурулар жөніндегі мамандандырылған ғылыми-практикалық орталығының филиалы арасында өзара тиімді халықаралық ғылыми-педагогикалық ынтымақтастық тұрақты түрде дамып келеді.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар арасында тәжірибе алмасу жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша бірлескен білім беру бағдарламасы әзірленіп, ғылыми жарияланымдар жарық көрді.
2026 жылғы 24–26 маусым аралығында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Инфекциялық аурулар кафедрасының клиникалық базасында медицина ғылымдарының докторы, профессор Мирзоева Мехринисо Ризоевна «Ересектер мен балалардағы паразиттік инфекциялар» тақырыбында «Ересектердің және балалардың инфекциялық аурулары» мамандығы бойынша резиденттер мен жас оқытушыларға дәрістер оқып, семинарлар өткізді.
Сонымен қатар, профессор Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының 5 және 6 диагностикалық бөлімшелерінде науқастарға қатысты консилиумдарға қатысып, тақырыптық секциялардағы ғылыми пікірталастарға белсенді араласты.
Халықаралық «Қазақстан Республикасы мен Орталық Азиядағы өзекті инфекциялар» атты ғылыми-практикалық конференцияда «Паразиттік инфекциялар: жаһандық эпидемиологиясы, диагностикалау стратегиялары және қазіргі медицинадағы профилактикасы» тақырыбында ауызша баяндама жасады.
Алдағы уақытта да өзара тиімді ғылыми және кәсіби ынтымақтастықтың табысты жалғасатынына сенім білдіреміз.