
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Практикалық дағдылар орталығында «ЖТД-2» кафедрасының 6B10112 «Жалпы дәрігерлік практика» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын 6-курс шетелдік дәрігер-интерндері өз жобаларын сәтті қорғады.
Жобалар «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейіндегі балалар аурулары» циклі бойынша жобалық-бағдарланған оқыту аясында орындалып, балалар денсаулығын сақтаудың өзекті мәселелеріне арналды:
* ІЖТДА-31-26 — «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы интернетке тәуелділік» тақырыбы аясындағы «Жасөспірімдердің интернетті пайдалануы және қолдауға қажеттілігі»;
* ІЖТДА-32-26 — «Мектеп жасына дейінгі балалардың дұрыс тамақтануын бағалау»;
* ІЖТДА-33-26 — «Балаларда семіздіктің дамуына ықпал ететін факторлар».
Жобалық жұмыстарға кафедра ассистенттері Жиен А. Қ. және Мустафаева Н. Н. жетекшілік етті. Қорғауға кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері: оқу ісіне жауапты оқытушы Сметова Р. А., ассистенттер Баймуратова Б. Н. және Абдиева Б. М. қатысты.
Таңдалған тақырыптар бойынша жұмыс қауіп факторларын зерделеуді, сауалнама жүргізуді, алынған деректерді талдауды және жасанды интеллектіні пайдалана отырып электрондық профилактикалық материалдар әзірлеуді қамтыды. Жасөспірімдердің интернетті пайдалануына арналған жоба аясында QR-кодтар арқылы қолжетімді білім беру комикстері, интерактивті сұрақтар және көрнекі ақпараттық постерлер әзірленді.
Жобалық-бағдарланған оқыту болашақ дәрігерлерге теориялық білімдерін алғашқы медициналық-санитариялық көмек міндеттерімен байланыстыруға, зерттеу және командалық жұмыс тәжірибесін жинақтауға, тұжырымдарын негіздеуге, балалар мен ата-аналарға түсінікті ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Ұсынылған тақырыптар жалпы тәжірибелі дәрігер қызметінің маңызды бағытын — денсаулық бұзылыстарының алдын алуды және бала кезден салауатты әдеттерді қалыптастыруды көрсетеді.