«Дәрігер-педиатр мамандарын сапалы дайындауда жұмыс берушілермен серіктестік» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – болашақ педиатр мамандарын даярлау сапасын арттыру, теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды ұштастыру, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау мекемелері арасындағы серіктестікті нығайту болды. Іс-шараны «Педиатрия-1» кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Кемельбеков Қ.С. ашып, қазіргі медициналық білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен педиатрия саласындағы мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында «Педиатрия-1» кафедрасының ассистенттері Эскараева М.А. мен Адильбекова А.Т. қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа талаптар, мүмкіндіктер мен кездесетін кедергілер жөнінде баяндама жасап, студенттердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру жолдарын талқылады. Сонымен қатар, кафедра ассистенті Баймакова Г.Ш. дуальды білім беру жүйесінің артықшылықтарын атап өтіп, теория мен тәжірибені қатар дамыту арқылы болашақ дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселелерін көтерді. Кафедра меңгерушісі Кемельбеков Қ.С. академия түлектерінің 2025 жылғы жұмысқа орналасу көрсеткіштерін таныстырып, жұмыс берушілермен тиімді байланыс нәтижелерін атап өтті.

Іс-шараға Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сарыбаев С.М., жоғары санатты гематолог дәрігер Темиров А.Т., оқу бөлімінің өкілі Бергалиева Р.Н., «Педиатрия-2» кафедрасының доценті Хатамов Ф.Д., ассистенттері Қарсыбаева К.Р. мен Балтабаева К.Т., АК төрайымы Қамысбаева А.К., сондай-ақ «Педиатрия-1» кафедрасының ассистенттері қатысты. Тақырыпты талқылау барысында қатысушылар тәжірибелік оқытуды жетілдіру, жас мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жұмыс берушілердің ұсыныстарын оқу үдерісіне енгізу мәселелері бойынша өзара пікір алмасты. Дөңгелек үстел қорытындысында медициналық білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды.