
ОҚМА Отбасылық медицина кафедрасының ұйымдастыруымен интерн-дәрігерлер аурудың алдын ол мақсатында - шымкент қалалық 1-емхана базасында иммунопрофилактиканың маңыздылығы жайлы дәріс өткізді.Іс шараға ІТО 14-26 және ІТҚ 09-26 топтарының интерн-дәрігерлері, сондай-ақ Отбасылық медицина кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Дәріс барысында Есенбаева А.А. және Сарманова М.Қ. вакцинацияның маңыздылығына, вакциналарды ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес кезең-кезеңімен және жас ерекшеліктеріне сай енгізудің қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар қазіргі уақытта вакцинацияға қатысты қоғамда кездесетін күмәндар мен қате түсініктер, вакцинадан бас тартудың ықтимал қауіптері және антиваксерлік көзқарастағы адамдармен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері жайлы Хабибуллаев Н.Л. бейнеанимация ұсынды. Бейнематериал арқылы пациенттермен дұрыс коммуникация орнату, олардың сұрақтарына ғылыми негізделген жауап беру және вакцинацияға қатысты сенімді ақпарат ұсынудың маңыздылығы көрсетілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ дәрігерлердің иммунопрофилактика саласындағы білімін жетілдіру, вакцинацияның маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыру және пациенттермен тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу дағдыларын қалыптастыру.
Иммунопрофилактика – жұқпалы аурулардың алдын алудың және халық денсаулығын қорғаудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан медициналық мамандардың міндеті – халыққа вакцинация туралы сенімді, ғылыми негізделген ақпарат ұсынып, аурулардың алдын алу шараларының маңыздылығын түсіндіру.