
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу, діни сауаттылықты арттыру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мақсатында «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында іс-шара өтті.
Оған Шымкент қалалық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Самат Уәлихан қатысып, резидентурада оқитын білім алушыларға діни экстремизмнің мәні мен оның қоғамға тигізетін кері әсері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Самат Шоқанұлы діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың пайда болу себептеріне тоқталып, олардың жастардың санасына әсер ету жолдары туралы айтып өтті. Сонымен қатар, білім алушыларды әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде кездесетін діни мазмұндағы ақпараттарға сын тұрғысынан қарауға, кез келген мәліметті таратып немесе қабылдамас бұрын оның дереккөзі мен дұрыстығына көз жеткізуге шақырды.
Іс-шара соңында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, теолог маманнан тиісті жауаптар алды.