
Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Ж.О. Нуржанбаева мен аға оқытушы А.Ә. Мырзазия «Елдің қуаты интеллектуалды әлеуеті, ғылыми жетістіктері арқылы өлшенеді» атты тақырыбында алдағы референдумның маңызы туралы Шымкент келбеті қоғамдық-саяси газетіне сұхбат берді.
Сұхбат барысында олар қазіргі қоғамда елдің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен ғылым мен білім деңгейіне байланысты екенін атап өтті. Олардың пікірінше, интеллектуалды әлеуеті жоғары мемлекет қана тұрақты дамуға қол жеткізе алады. Сонымен қатар, референдум – азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерге тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды демократиялық үдеріс екені айтылды.
Жаңа Конституция – бұл елдің ұзақ мерзімді дамуын бағыттайтын темір қазық, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыратын негізгі құжат.
Жаңа редакциядағы Ата заң елімізде адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны мемлекеттік қызметтің басты стратегиялық бағыты ретінде айқындайды. Себебі қазіргі жаһандық бәсеке мен әлемдік тұрақсыздық кезеңінде кез-келген елдің қуаты оның табиғи байлығымен емес, интеллектуалды әлеуеті, білім сапасы мен ғылыми жетістіктері арқылы өлшенеді.
Конституция мемлекет пен дін арасындағы шекараны нақты белгілеп, зайырлылық қағидатын заңдастыру арқылы еліміздің көп этносты, көп конфессиялы қоғамында рухани келісімді, тұрақтылықты және тең құқықтықты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Сонымен қатар білім мен ғылым, мәдениет пен инновация, табиғатты аялау, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік айқын жазылған. Яғни мемлекет болашағын байлықпен емес, парасатты азаматпен байланыстырады.
Оқытушылар жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуы ел болашағы үшін аса маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау және білім сапасын арттыру мәселелері де сөз болды.
Сұхбат соңында кафедра оқытушылары азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырып, бұл әрбір отандастарымыздың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі екенін атап өтті.